Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты 5 әскери басшы ұсталды
Каспийдегі оқу-жаттығуда 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты бес лауазымды тұлға ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы бар.
Сондай-ақ екі әскери бөлімнің, теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері ұсталған. Бесеуі де күдікті деп танылып, Ақтау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оларға «қызметке салғырт қарау» және «кеме жүргізу қағидаларын бұзу арқылы ауыр зардаптарға әкелді» деген күдік келтіріліп отыр. Қылмыстық істер Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі және 465-бабы бойынша қозғалған.
ІІМ мәліметінше, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде, Ақтаудан 43 шақырым жердегі Каспий жағалауында болған. Қолайсыз ауа райында «Қайсар» катерінен түсіп жатқан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен.
Тергеушілер тапсырманы ұйымдастыру мен орындау кезінде шешімдер қалай қабылданғанын, қауіпсіздік талаптары сақталғанын және ауа райы мен теңіз жағдайы ескерілгенін тексеріп жатыр. Бұған қоса, катердің техникалық жағдайы мен оқу-жаттығуға және әскерилердің қауіпсіздігіне жауапты басшылардың әрекеттері зерттелуде. Күдіктілердің әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Тергеуді ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі жүргізіп жатыр. Іс министрлік пен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.
Кеше теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Бүгін, 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Соңғы жаңалықтар