Тоқаев Қорғаныс министрлігін кешенді тексеретін комиссия құрды

26.09.2026 • 17:15 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев Қорғаныс министрлігін кешенді тексеретін комиссия құрды
365
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құруды тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақорданың хабарлауынша, тексеру барысында, оның ішінде әскери бөлімдерді қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылады.

Комиссия төрағасы болып Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева тағайындалды. Комиссия төрағасының орынбасары қызметін Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов атқарады.

Комиссия құрамына Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы министрлігі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері кірді.

Мемлекет басшысы комиссияға атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде баяндауды тапсырды.

Айта кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.

Войдите, чтобы оставить комментарий