Қазақстанда авторларға арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады

Қазақстанда авторлар мен пайдаланушыларға арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылмақ, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Мәжіліс депутаттары зияткерлік меншік туралы заңға бірқатар түзетулер енгізуді ұсынды. Бұл өзгерістердің басты мақсаты авторлардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, олардың еңбегіне төленетін сыйақыны әділ бөлу жүйесін қалыптастыру.
Жаңа түзетулерге сәйкес, авторлар, пайдаланушылар және ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдарының арасындағы барлық өзара іс-қимыл электронды форматқа көшіріледі. Осы мақсатта нақты есеп пен сенімді деректерге негізделген бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады.
Бұл жүйе арқылы авторлардың туындыларын пайдалану, төлемдерді есептеу және сыйақыны бөлу үдерісі толық автоматтандырылып, ашық болады. Яғни, әрбір автор өз шығармасы қай жерде және қалай пайдаланылып жатқанын көре алады.
Сонымен қатар, 2029 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдарының әкімшілік шығындары қысқартылады. Бұрын олар жиналған сыйақының 30 пайызын өз қажеттіліктеріне пайдалана алса, енді бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін төмендейді.
Бұл өзгеріс авторлар мен құқық иелеріне төленетін сыйақыны 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Депутаттардың айтуынша, жаңа жүйе шығармашылық саланың ашықтығын арттырып, авторлардың еңбегін әділ бағалауға жол ашады.
Соңғы жаңалықтар





