Қазақстанда газ саласындағы тексеру күтпеген нәтижелер көрсетті
Қазақстанның жер қойнауында газ жеткілікті. Бірақ оны халыққа жеткізу мәселесі әлі толық шешілмеген. Оның үстіне газ құбырлары ескіріп, салада миллиардтаған теңгенің заңбұзушылығы анықталды. Мұның бәрі Жоғары аудиторлық палатаның тексеруі кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста газ саласына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, Қазақстандағы газ қоры 3,8 трлн текше метрге бағаланады. Ал 2022–2025 жылдар аралығында елде 239,5 млрд текше метр газ өндірілген.
Алайда халық пен кәсіпорындардың газға сұранысы артқанымен, ішкі нарыққа жеткізілетін тауарлық газ өндірісі баяу өсіп жатыр. Соның салдарынан елдің өз қажеттілігін толық өтеу қиындаған.
Тағы бір мәселе – Қазақстанның ішкі нарығы газ жеткізетін санаулы компанияға тәуелді. Оның үстіне жеткізілетін газдың сапасы да үнемі талапқа сай бола бермейді.
Аудиторлардың айтуынша, сапасыз газ құбырлардағы қысымды реттейтін жабдықтардың тез тозуына әкеледі. Ал газды шетелге сатқан кезде ұлттық оператор бағаны төмендетуге мәжбүр болады.
Тексеру елдегі газ құбырларының жай-күйі де алаңдатарлық екенін көрсетті. Ұлттық оператор кәсіпорындары 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбырын және шамамен 77 мың шақырым газ тарату желісін пайдаланады. Алайда олардың едәуір бөлігі әбден ескірген, тіпті белгіленген пайдалану мерзімінен асып кеткен. Соған қарамастан жөндеу мен жаңарту жұмыстары жеткілікті қарқынмен жүргізілмей жатыр.
Газ саласындағы жоспарлау жұмыстарына да сын айтылды. Аудиторлардың пікірінше, халықтың газға сұранысы, жаңа кен орындарын игеру және газ өңдеу зауыттарын іске қосу бір-бірімен дұрыс үйлестірілмеген.
Құжаттарда геологиялық барлауды дамыту, жерасты газ қоймаларын көбейту, цифрлық жүйелерді жаңарту және қауіп-қатердің алдын алу жөніндегі нақты шаралар жеткіліксіз. Ұлттық оператордың даму стратегиясында да солтүстік өңірлерді газдандыруға қаржы жетіспеуі, газ қорын тиімді басқару және ақпараттық жүйелердің дайындығы сияқты мәселелерді шешу жолдары қарастырылмаған.
Ал халықты газбен қамту көрсеткіші өңірлерде біркелкі емес. 2025 жылдың соңында Қазақстан тұрғындарының 64,2 пайызына табиғи газ қолжетімді болған. Бұл – 13,1 млн адам. Газ тартылған елді мекендер саны 2 240-қа жеткен.
Аудиттің ең елеулі нәтижесі қаржыға қатысты. Тексерушілер газ саласында 24,1 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығын анықтаған. Бұдан бөлек, 18,2 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған немесе жұмсалған.
Тексеру кезінде бюджетке 59,4 млн теңге қайтарылған. Ал 20,2 млрд теңге бухгалтерлік есепте қалпына келтірілген. Бұл қаржының түгелдей бюджетке қайтарылғанын білдірмейді.
Жоғары аудиторлық палата анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті мекемелерге тапсырма берді. Сондай-ақ газ қорын тиімді пайдалану, саланы басқару және ескі құбырларды жаңарту бойынша ұсыныстар әзірледі. Палата бұл тапсырмалардың орындалуын кемшіліктер толық жойылғанша бақылауда ұстайтынын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар