Қазақстанда мұнай мен газ өндіру көлемі неге азайғаны белгілі болды
Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы тоқсанында мұнай мен газ өндіру көлемі айтарлықтай төмендеді, бұл туралы үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министрдің айтуынша 2026 жылдың қаңтар мен наурыз айлары аралығында елімізде 19,7 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда небәрі 80,2 пайызды құрайды.
Қазір жауапты мамандар Қарашығанақ кенішіндегі өндіріс көлемін жылына 10 немесе 11 млн тонна деңгейінде сақтап қалу үшін шикі газды кері айдайтын 6-компрессорды іске қосу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Одан бөлек ведомство ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіруді ұлғайту мақсатында арнайы келіссөздер жүргізуде.
Алғашқы 3 айда шетелге 15,3 млн тонна мұнай экспортталды және бұл 2025 жылдың көрсеткішіне қарағанда 78,5 пайызға тең. Жалпы биылғы жылға арналған экспорт болжамы 76 млн тонна деп бекітілген.
Сонымен қатар Ерлан Ақкенженов жыл басынан бері 13,6 млрд текше метр газ өндірілгенін жеткізді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 84,9 пайызды құрап отыр. Жалпы осы жылы 62,7 млрд текше метр көгілдір отын өндіру жоспарланған.
«Газ саласының ұзақ мерзімді ресурстық базасын нығайту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп 2035 жылға дейін елімізде көмірсутектердің жаңа перспективалы кен орындарын игеру жоспарын жүзеге асыруда, оған сәйкес осы жылдың соңына дейін Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын МӨЗ құрылысын аяқтау жоспарланып отыр», – деді Ерлан Ақкенженов.
Айта кетейік, мәжіліс қабырғасында ірі мұнай-газ компанияларының отандық өнімді сатып алу үлесін арттыру мәселесі талқыланды.
Соңғы жаңалықтар