Қазақстанда қорғасынды онлайн құйып емдейтіндер көбейді

11.02.2026 09:30 Мөлдір Талғат
Қазақстанда қорғасынды онлайн құйып емдейтіндер көбейді
332
Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желілерде “қашықтан емдеймін” деген жарнамалар көбейіп барады. Тараздық емші Мирай Нұсқабаева бұл іспен 20 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады. Ол адамдарды қашықтан тіл-көзден сақтап, жолын ашып, түрлі дерттен айықтыратынын жеткізген. Бұл туралы Politico.kz 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Емшінің айтуынша, қазір ол емді офлайн да, онлайн да жүргізеді. Алғашында туыстарына қашықтан көмек көрсетіп көрген. Кейін ауыр науқастар өздері іздеп хабарласа бастаған.

«Офлайн да, онлайн да ем жүргіземін. Нағыз емші екі бағытта да жұмыс істей алуы керек. Медицина “бұдан әрі көмектесе алмаймыз” деген адамдар маған жүгінеді», – дейді емші.

Алайда жұртшылықтың бәрі бірдей мұндай емге сенбейді.

«Дұрыс емес қой. Лицензиясы бар ма, дәрігер ме, кім екені белгісіз», «Біздің атамыз да емші болған, бірақ емін үйге барып жасайтын», – дейді тұрғындар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері қазақта қорғасын құю дәстүрі болғанын жоққа шығармайды. Дегенмен интернет арқылы “жол ашу”, “бой тазалау” сияқты қызметтер шариғатқа сай емес екенін айтады.

«Интернеттен көріп алып “емдейміз”, “сиқырды табамыз”, “жол ашамыз” деп, қазақтың дәстүрін басқа бағытқа бұрып жібергендер бар. Қазіргі бақсы-балгерлердің түсініксіз әрекеттерін шариғат құптамайды», – дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.

Этнограф Жанболат Қазанбаевтың айтуынша, қорғасын құю – ежелгі ғұрып. Оның негізгі мақсаты – шошынған баланың қорқынышын басу.

«Көз тию, суық тию деген ұғымдар бар. Қорғасын құйғанда пайда болған бейне арқылы баланың неден үріккенін жорамалдаған», – дейді этнограф.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий