Қазақстанда қой еті неге қымбаттап жатыр: басты себептері мен шешу жолдары
Қазақстанда қой етінің бағасы тұтынушылардың қалтасын қағатын деңгейге жетті. Экономика және кәсіпкерлікті реттеу саласының сарапшысы Ерлан Кәрімов бағаның бұлайша шарықтауына не себеп екенін түсіндіріп, мәселені шешу жолдарын ұсынды.
Сарапшының сөзіне қарағанда, кеңес заманында Қазақстан КСРО бойынша қой шаруашылығы ең көп дамыған республикалардың бірі болған. 1975 жылдың соңына қарай елдегі қой мен ешкі саны 34,6 млн басқа жетсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 23,17 млн басты құрап отыр, яғни 1975 жылғы деңгейден шамамен үштен бірге аз.
Қазір қой етінің бағасы елдегі инфляцияны, жем-шөп құнын және халықтың сатып алу қабілетін көрсететін маңызды индикаторға айналған. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда қой етінің бағасы 29%-ға қымбаттаған. Ресми дерек бойынша, бүгінде бір тонна қой еті 1,3 млн теңге тұрады, ал 2001 жылы бұл көрсеткіш небәрі 88,3 мың теңге болған, яғни 25 жыл ішінде баға 14 еседен астам өскен. Тірі қойдың да құны айтарлықтай қымбаттап, 2026 жылдың наурызында орташа баға 86,3 мың теңгеге жеткен. Әсіресе Жамбыл облысында бір қойдың бағасы 112 мың теңгеден асса, Батыс Қазақстан облысында 63,5 мың теңге шамасында сатылуда.
Сарапшы қой шаруашылығын арзан әрі тез қайтарым беретін бизнес емес екенін айтып, бір қойды күтіп-бағуға айына шамамен 9 мың теңге, ал жылына 100 мың теңгеден астам қаражат кететінін атап өтті. Ал 400 басқа арналған шаруашылықтың өзін-өзі ақтау мерзімі үш жылдан да ұзақ болуы мүмкін.
«Жем-шөптің, жанармайдың және логистиканың қымбаттауы ішкі нарықты сыртқы сұраныстың кез келген өзгерісіне өте сезімтал етіп отыр», – деді Ерлан Кәрімов.
Қазіргі кезде Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне апта сайын шамамен 7 тонна салқындатылған қой етін жөнелтіп отыр және болашақта бұл көлем 10 тоннаға дейін өсуі ықтимал. Дегенмен сарапшы «Неге Қазақстан өз қой етін ішкі нарықтан гөрі сыртқа арзан бағамен сатады?» деген заңды сұрақ туындайтынын айтты. Оның пікірінше, БАӘ-де қой етінің бір келісі шамамен 3800 теңге болса, Қазақстанда 4500 теңге тұрады. Бұған бірнеше фактор себеп: экспорттың ұзақмерзімді келісімшарттар арқылы ірі көтерме партиялармен жүзеге асуы, қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарықта Австралия мен Үндістан сияқты елдермен бәсекелесу үшін бағаны төмендетуі және ішкі нарықтың делдалдарға қатты тәуелді болуы.
Мәселені шешу үшін сарапшы бірнеше нақты қадам ұсынды. Оның ішінде Құрбан айт қарсаңында экспортқа уақытша шектеу немесе квота енгізу, аймақтық бордақылау және сою орталықтарын дамыту, құрғақшылық кезінде жем-шөп сатып алуға субсидия беру, шаруаларға кемінде үш жылға жеңілдетілген несие беру сияқты ұсыныстар бар.
Сондай-ақ мал шығынына қарсы сақтандыру жүйесін дамыту, бағаны бақылайтын цифрлық мониторинг жүйесін енгізу және Қазақстан ішінде дайын халал өнім өндірісін ынталандыру қажет екенін айтты.
Соңғы жаңалықтар