Қазақстанда табысты декларациялау талабы жойылуы мүмкін

Қазақстанда табысты міндетті декларациялау жойылуы мүмкін, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Болашақта қазақстандықтар табыстарын міндетті түрде декларациялаудан босатылуы мүмкін. Мұндай болжамды Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Мәжіліс кулуарында айтты.
Вице-министрдің сөзінше, бұл өзгеріс цифрландырудың дамуы мен қаржылық ақпараттың ашықтығы арқасында мүмкін болмақ. Ол жаңа Салық кодексінде декларацияны алдын ала толтыру режимінің қарастырылғанын, бұл үдерісті қазірдің өзінде айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті.
«Егер біз бақылау-кассалық аппараттар немесе басқа да көздер бойынша айналымдарды көрсек, декларацияны толтыру бойынша сервисті ұсынатын боламыз. Жалпы, алдағы бес жыл ішінде декларациялаудың өзі жойылып кетуі мүмкін, себебі қазір бәрі ашық», - деді Ержан Біржанов.
Ол мемлекеттік органдардың қазірдің өзінде көптеген қаржылық операциялар туралы ақпаратқа ие екенін түсіндірді.
«Біз төлемдерді көріп отырмыз, алушылар деректерді бізге көрсетеді. Басқа органдардан да табыс туралы деректерді көреміз. Сондықтан, декларациялау тарихы алдағы уақытта жойылады деп ойлаймын», - деп қосты вице-министр.
Соңғы жаңалықтар





