Қазақстанда Ұлттық техникалық стандарттар институты құрылады

Қазақстанда Ұлттық техникалық стандарттар институты құрылмақ, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қазақстанда сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік актілерді жетілдірумен айналысатын Ұлттық техникалық стандарттар институты құрылады. Бұл ұғым жаңа Құрылыс кодексінің жобасына енгізілген.
Жаңа институт құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді жаңарту мен үйлестіруді қолға алатын орталық орган болады. Оның негізгі міндеттерінің бірі – құрылыс нормалары мен ережелерінің қолданылуына тұрақты мониторинг жүргізу және оларды жаңарту бойынша ұсыныстарды жедел енгізу. Сонымен қатар, институт мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің және жеке тұлғалардың сұранысы бойынша техникалық регламенттерге түсініктеме беретін болады. Институт жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл процеске кәсіпкерлер мен басқа да мүдделі тараптарды тарту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, жаңа заңнамада құрылыс саласындағы мамандарды аттестаттау жүйесін маман сертификатымен алмастыру қарастырылған. Бұл өзгеріс аясында сертификатталған мамандардың бірыңгай цифрлық тізілімі құрылады. Жаңа жүйе нарықтан жосықсыз қатысушыларды шығарып, қызметкерлердің біліктілігін ашық түрде бақылауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Куәліктерді беру мен бақылау процесін автоматтандыру бюрократияны азайтып, мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуді жеңілдетуге бағытталған.
Соңғы жаңалықтар





