Қазақстанда жаңа Су кодексі күшіне енді

Қазақстанда жаңа Су кодексі күшіне енді
10.06.2025 10:08
0
152
Ашық дереккөз
10 маусымда жаңа Су кодексі қолданысқа енгізілді

Қазақстанда жаңа Су кодексі күшіне енді

10 маусым күні Қазақстанда жаңа Су кодексі ресми түрде қолданысқа енгізілді. Кодексте алғаш рет "су қауіпсіздігі" ұғымы енгізіліп, су тапшылығы мен су объектілерінің ластануынан қорғану тетіктері қарастырылған. Сондай-ақ, трансшекаралық су ресурстарын қорғау мен пайдалану мәселелері де қамтылған.

Экологиялық тепе-теңдік
Су ресурстарының сарқылуын болдырмау мақсатында "экологиялық ағыс" ұғымы бекітілді. Бұл өзендер, көлдер мен теңіздер экожүйесін сақтап қалу үшін су деңгейінің ең төменгі мөлшерін белгілеуге бағытталған шара.

"Жаңа кодекске сәйкес, елімізде Бас су ресурстарын басқару жоспары мен бассейндік жоспарлар әзірленеді. Бұл құжаттар су қорына қатысты болжамдарға сүйеніп, мақсаттар мен негізгі іс-шараларды айқындайды. Мемлекеттік жоспарлау кезінде осы жоспарлардың қорытындылары ескеріледі", – деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Суды қорғау шаралары
Құжатта су объектілерін, әсіресе шағын өзендер мен көлдерді қорғау талаптары күшейтілді. Енді шағын өзендерде тұйық бөгеттер салуға тыйым салынады. Су-батпақты алқаптар мен мұздықтар ерекше қорғау режиміне алынып, жергілікті әкімдіктер екі жыл ішінде елді мекендердегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін анықтауы тиіс.

Климат өзгерісіне бейімделу
Кодексте климат өзгерісіне бейімделуге арналған бөлім қарастырылған. Оған өзендер мен көлдерді тазарту және тереңдету, су объектілерінің шекарасын анықтау, елді мекендер мен инфрақұрылымды инженерлік жүйелермен қорғау, тасқын және еріген суларды қоймаларда сақтау, ауыл шаруашылығында тазартылған ағынды сулар мен тұщыландырылған теңіз суын қолдану секілді шаралар кіреді.

Суды үнемдеу
Су үнемдеуді ынталандырудың жаңа механизмдері енгізілді. Енді су пайдалануға рұқсат тек қайта айналымға немесе қайталама су пайдалану жүйесіне көшу жоспары бар жағдайда беріледі. Оған бес жыл мерзім белгіленген.

Ауыл шаруашылығында еріген суды қолдану
Сондай-ақ, енді арнайы рұқсатсыз ауыл шаруашылығы мақсатында еріген суды жинауға болады. Ол үшін 2 млн текше метрден аспайтын көлемдегі тоған немесе резервуар салу қажет. Мұндай нысандар бассейндік су инспекциясына хабарланып, гидротехникалық құрылыстар тізіміне енгізіледі.

Су қорын бақылау және "қара нарықпен" күрес
Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау күшейтілді. Бассейндік су инспекциялары енді су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы жедел шаралар қабылдау құзыретіне ие болады.

Министрдің пікірі

"Жаңа Су кодексін әзірлеуде біз бес негізгі қағидатты басшылыққа алдық: су – қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, халықтың өмір сүру негізі және экономикалық даму ресурсы, оны қорғау және сарқылуына жол бермеу, жер үсті және жерасты суларының кешенді пайдаланылуы, су үнемдеу технологияларын енгізу және климат өзгерісіне бейімделу, қоғамды су ресурстарын сақтау және пайдалану мәселелеріне тарту. Бұл құжат еліміздегі су ресурстарын басқарудың жаңа саясатын қалыптастыруға ықпал етеді", – деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Дереккөз: ULYSMEDIA

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий