Қазақстанда жаңа үйлерге берілетін кепілдік 5 жылға дейін ұзартылады

Қазақстанда құрылыс компаниялары тұрғын үйлерге кемінде бес жыл кепілдік беруге міндеттелмек, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бүгін Мәжіліс депутаттары жаңа Құрылыс кодексінің жобасын және оған қатысты архитектура мен құрылыс саласындағы түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжатта құрылыс нысандарына берілетін ең төменгі кепілдік мерзімін қазіргі екі жылдан бес жылға дейін ұлғайту туралы норма қарастырылған. Депутаттардың пікірінше, бұл шара құрылыс материалдарының сапасын арттырып, жобалау және құрылыс процесіндегі тапсырыс беруші мен мердігердің жауапкершілігін күшейтеді. Сондай-ақ, салынған ғимараттардың ұзақмерзімді беріктігі мен пайдалану сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, депутаттар ғимараттың негізгі бөліктері – құрылымы, шатыры және қасбеті үшін бөлек он жылдық кепілдік мерзімін белгілеуді ұсынды. Бұл ұсыныс заң жобасының екінші оқылымы кезінде қосымша қаралатын болады.
Парламент мүшелері атап өткендей, кепілдік мерзімін арттыру құрылыс сапасын бақылау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Соңғы жаңалықтар





