Қазақстанда жылжымайтын мүліктен ең көп табыс табатын 20 адам аталды
Қазақстандағы ірі сауда және бизнес орталықтарының иелері жылына жүздеген миллиард теңге түсім алады. Forbes Kazakhstan елдегі коммерциялық жылжымайтын мүліктің ең ірі 20 иесінің рейтингін жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Forbes Kazakhstan есебінше, рейтингке енген 20 қатысушыға тиесілі нысандардың жылдық болжамды түсімі 249,8 миллиард теңгеге жеткен. Бұл таза пайда емес, ғимараттардың қызметінен түсетін қаражаттың есептік көлемі.
Бірінші орынға MEGA сауда орталықтарының иесі Нұрлан Смағұлов шықты. Оның нысандарынан түсетін жылдық түсім 70 миллиард теңге деп бағаланған.
Екінші орында Тимур Құлыбаев. Оның коммерциялық жылжымайтын мүліктен түсетін болжамды түсімі 42,96 миллиард теңге. Үшінші орынға 30,25 миллиард теңгемен Серік Төлбасы жайғасқан.
Рейтингке кімдер кірді?
Forbes Kazakhstan жариялаған 2026 жылғы тізім мынадай:
- Нұрлан Смағұлов – 70 млрд теңге. Алматыдағы MEGA Alma-Ata, MEGA Park және Астанадағы MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталықтарының иесі.
- Тимур Құлыбаев – 42,96 млрд теңге. Mercury Properties арқылы Keruen, KeruenCity, Forum Almaty, Sputnik Mall, Moskva және басқа да көптеген сауда, бизнес орталықтарына иелік етеді немесе үлесі бар.
- Серік Төлбасы – 30,25 млрд теңге. Алматыдағы Dostyk Plaza, Шымкенттегі Shymkent Plaza және Астанадағы «Еуразия» сауда орталықтарының иесі.
- Болат Өтемұратов – 16,2 млрд теңге. Астанадағы Talan Towers пен Алматыдағы Park View Office Tower, Prime Business Park және Pine Office Park бизнес орталықтарына иелік етеді.
- Мұқашевтер отбасы – 11,73 млрд теңге. Алматыдағы Aport Mall West және Aport Mall East сауда ойын-сауық орталықтарының иелері.
- Беловичтер отбасы – 10,90 млрд теңге. Bazis-A арқылы Астана мен Алматыдағы Millenium, Q, Q2, Ishim, «Нұрлы Тау» және басқа бизнес орталықтарына иелік етеді.
- Сержан Жұмаш – 10,78 млрд теңге. Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығы мен Esentai Tower бизнес орталығында үлесі бар.
- Қайрат Боранбаев – 10,78 млрд теңге. Сержан Жұмашпен бірге Esentai Mall және Esentai Tower нысандарына иелік етеді.
- Айдан Сүлейменова – 7,98 млрд теңге. Астанадағы Keruen, KeruenCity, Talan Gallery сауда орталықтарында үлесі бар. Turan 18 бизнес орталығы да өзіне тиесілі.
- Ғабит Бейсенбаев – 6,33 млрд теңге. Алматыдағы Grand Park, «Золотой» сауда орталықтары мен Armada кешенінің 50 пайыздық үлесіне иелік етеді.
- Сәрсеновтер отбасы – 5,71 млрд теңге. Алматыдағы «Алма-Ата» сауда кешені мен Астанадағы «Астаналық» бизнес орталығын басқарады.
- Алексей Нефедов – 5,47 млрд теңге. Asia Park, Mart және Mart Village сауда нысандарына иелік етеді немесе үлесі бар.
- Сәуле Ахметова – 5,25 млрд теңге. Алматыдағы Turar және Venus бизнес орталықтарының иесі.
- Сандуғаш Кемелбаева – 4,38 млрд теңге. Алматыдағы Almaty Residence бизнес орталығы мен Samal Mall кешенін бақылайды.
- Александр Чукреев – 2,76 млрд теңге. Алматыдағы ADK сауда ойын-сауық орталығын бақылайды.
- Яков Цхай – 2,26 млрд теңге. Forum Almaty және «Көк базар» сауда нысандарында үлесі бар.
- Арманжан Байтасов – 1,8 млрд теңге. Алматыдағы Teniz Towers бизнес орталығының иесі, сондай-ақ «Алтын-Заман» және «Қадам-Инвест» бизнес орталықтарының ортақ иесі.
- Абылай Жұмаділлаев – 1,55 млрд теңге. Алматыдағы Globus кешені мен «Стандарт» бизнес орталығында үлесі бар.
- Айдын Рахымбаев – 1,38 млрд теңге. BI Property арқылы Астанадағы Green Tower бизнес орталығы мен Avatariya ойын-сауық орталығында үлесі бар.
- Сағиятулла Сәрсенов – 1,33 млрд теңге. Балаларымен бірге Алматыдағы Орталық әмбебап дүкенге (ЦУМ) иелік ететін «Заңғар» компаниясын бақылайды.
Ең көп табыс Алматыдағы нысандардан түседі
Forbes Kazakhstan зерттеуіне Алматы, Астана және Шымкенттегі 72 коммерциялық нысан кірген. Оның 39-ы бизнес орталық, қалған 33-і сауда және сауда ойын-сауық орталықтары.
Нысандардың басым бөлігі Алматыда орналасқан. Қалада 46 нысан болса, Астанада 24, Шымкентте екеуі бар.
Иелерінің үлесін ескергенде, олардың жалпы коммерциялық ауданы шамамен 1,5 миллион шаршы метрді құрайды. Соның 1 миллион 104,9 мың шаршы метрі Алматыға, 372,5 мың шаршы метрі Астанаға, 31,4 мың шаршы метрі Шымкентке тиесілі.
Түсім жағынан да Алматы алда. Басылымның есебінше, қаладағы нысандар жылына 169,1 миллиард теңге, Астанадағылар 73,8 миллиард теңге, Шымкенттегілер 6,9 миллиард теңге түсім әкеледі.
Ал сауда орталықтарының жалпы жылдық болжамды түсімі 184,6 миллиард теңге болса, бизнес орталықтарының үлесіне 65,2 миллиард теңге тиесілі.
Зерттеуде бір сауда орталығының 2025 жылғы орташа түсімі 6,3 миллиард теңге, ал бір бизнес орталығыныкі 1,8 миллиард теңге деп есептелген.
Forbes бұл сомаларды қалай есептеді?
Басылым алдымен үш қаладағы коммерциялық нысандардың тізімін жасап, олардың түпкілікті иелерін анықтаған. Кейін әр кәсіпкердің меншік үлесін ескере отырып, жылдық түсімді есептеген.
Ресми қаржылық мәлімет болмаған жағдайда сарапшылар өз бағалауын қолданған. Зерттеуге компаниялардың ашық деректері, Қаржылық есептілік депозитарийі, Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметтері, компаниялар берген ақпарат пен Scot Holland | CBRE материалдары пайдаланылған.
Forbes Kazakhstan рейтингтегі сомалар болжамды есеп екенін және оларды ресми қаржылық көрсеткіш ретінде қабылдауға болмайтынын ескертеді.
Рейтинг көшбасшысы Нұрлан Смағұловтың Astana Group компаниясы қазір Астанада тағы бір ірі жоба жүргізіп жатыр. Жалпы ауданы 140 мың шаршы метр болатын MEGA Garden сауда ойын-сауық орталығының құрылысына 100 миллиард теңге жұмсалады деп бағаланған.
Соңғы жаңалықтар