Алматы облысында полицейлер көлікке оқ атты: Жүргізуші жасөспірім болып шықты
Алматы облысында полицейлердің тоқтау туралы талабына бағынбаған көлікті қуғынға түсіп, қару қолдану арқылы тоқтатуға тура келді, деп хабарлайды Politico.kz.
Кейін рөлде жүргізуші куәлігі жоқ кәмелетке толмаған жасөспірім отырғаны белгілі болды.
Оқиға Іле ауданына қарасты Жайнақ ауылында болған. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы кезінде күдік тудырған автокөлікті тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларының заңды талабын елемей, жылдамдықты төмендетпестен әрі қарай қозғалған.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірімнің әрекеті жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Полицейлер бірнеше рет тоқтау талабын қойғанымен, жүргізуші бағынбаған.
Осыдан кейін қызметкерлер көлікті мәжбүрлі түрде тоқтату үшін табельдік атыс қаруын қолдануға шешім қабылдаған. Олар автокөліктің дөңгелегіне қарай оқ атқан. Нәтижесінде көлік тоқтатылып, жүргізуші ұсталды.
Тексеру барысында көлік тізгінінде кәмелетке толмаған жасөспірім отырғаны және оның жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды.
Оқиғаға байланысты жасөспірімнің әкесі де жауапкершіліктен тыс қалмады. Ол баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Соңғы жаңалықтар