Қазақстанды дүрліктірген оқиға өтірік болып шықты: 7 жасар бала кінәлі емес

Қазақстанды дүрліктірген оқиға өтірік болып шықты: 7 жасар бала кінәлі емес
24.09.2025 10:59
0
311
Сурет Сәуле Шәкенованың Instagram парақшасынан

Екібастұзда балалар мысықты 10-қабаттан лақтырып өлтірді деген оқиғаның мән-жайы анықталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.

Жақында әлеуметтік желіде Екібастұз қаласында жасөспірімдердің мысықты 10-қабаттан лақтырып жібергені туралы видео тарап, үлкен дау тудырған еді. Алайда, Павлодар облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова бұл оқиғаның мән-жайын тексеріп, шындықтың мүлдем басқа екенін айтты.

Әңгіме неден басталды?

Осыдан бірнеше күн бұрын, 21 қыркүйекте, Екібастұздың еріктілер тобының әлеуметтік желідегі парақшасында бір видео жарияланды(қазір бейне өшірілді). Онда кішкентай балалардың ойнап мысықты 10-қабаттан лақтырып өлтіргені көрсетілген. Осы видеодан кейін желі қолданушылары шулап, балаға қатысты көптеген жағымсыз пікірлер жаза бастады. Оқиға тез арада тарап, қоғамның ашу-ызасын тудырды.

Шын мәнінде не болған?

Осы шудан кейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова 23 қыркүйек күні Екібастұзға арнайы барып, оқиғаның мән-жайын анықтады. Белгілі болғандай, видеодағы жасөспірім небәрі 7 жастағы бала екен.

Сәуле Шәкенованың айтуынша, бала мысықтарды өте жақсы көреді екен және оларды еркелетіп атайды. Ол мерт болған мысықты ауладан тауып алып, үнемі тамақтандырып, ойнап жүрген екен. Сол күні де ол қасындағы 5 жасар досымен бірге көрші подъездегі таныстарына қонаққа бара жатқан. Бала мысықты баспалдаққа отырғызған кезде, жануар абайсызда баспалдақ аралығына құлап кеткен. Бала артынан бірден төменге түсіп, мысықтың жансыз денесін қолына алған. Дәл осы сәт видеоға түсіріліп, әлеуметтік желіге тарап кеткен.

Билік қандай шешім қабылдады?

Бұл бала 2023 жылдан бері қамқоршысы болып табылатын әжесінің тәрбиесінде екен. Осы оқиғаға байланысты Екібастұз қаласы әкімінің орынбасарының төрағалығымен Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Комиссия отырысына баланың өзі шақырылған жоқ, тек әжесі келді. Әжесінің айтуынша, осы бірнеше күнде әлеуметтік желідегі ауыр сөздерден қатты қорыққан. Ол енді немеремді менен тартып ала ма деп қатты уайымдап, көз жасын тыя алмапты.

Комиссия отырысы барынша түсіністікпен өтіп, бала мен оның қамқоршысына психологиялық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, мектеп әкімшілігіне осы жағдайдан кейін балаға қатысты буллинг немесе кибербуллингтің алдын алуды бақылауға алу тапсырылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған баланың видеосын таратып, жалған ақпарат таратқандарға қатысты құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берілді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий