Қазақстанды танытқан қытайлық блогер Тоқаевтың атынан марапат алды

04.04.2026 13:06 Арман Ермеков
Қазақстанды танытқан қытайлық блогер Тоқаевтың атынан марапат алды
279
Фото Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынған

Қытайлық танымал блогер әрі ел туризмінің амбассадоры Тао Минсю Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ІІ дәрежелі «Достық» орденіне ие болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жоғары мемлекеттік награданы Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті. Ведомство басшысы бұл марапат шетелдік азаматқа Қазақстанның мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін дәріптеп, екі елдің гуманитарлық байланысын күшейткені үшін берілгенін жеткізді.

«ІІ дәрежелі «Достық» ордені – бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіңіздің жоғары мемлекеттік бағасы. Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды, оның бай мәдени мұрасын, көркем табиғатын және туристік әлеуетін жақынырақ таныды», – деді Аида Балаева.

Желіде Тао Тао лақап атымен танылған инфлюенсер Қазақстанға алғаш рет 2024 жылдың қыркүйегінде келген. Содан бері ол бірнеше аймақты, атап айтқанда Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын аралап үлгерді.

Оның еліміз туралы жариялаған 100-ден астам материалы жалпы саны 1 миллиардтан астам қаралым жинаған. Осы еңбегі үшін 2025 жылдың мамырында оған «Қазақстан туризмінің елшісі» мәртебесі берілді. Блогер өзінің бесінші сапарында Алматы, Ақтау және Түркістан қалаларына арнайы барып, Амал мен Наурыз мерекелеріне қатысқан.

Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелдік инфлюенсерді марапаттау Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті. Құзырлы органның мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің қарым-қатынасы осындай екіжақты байланыстарды тереңдетуге негіз болып отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий