Қазақстандық миллионердің ұлы әскерде қалай жүргенін айтты
Bi Group компаниясының негізін қалаушы Айдын Рахымбаевтың 18 жастағы ұлы Нұргелді Рахымбаев Қонаев қаласындағы 5-десанттық-шабуылдау бригадасында әскери ант қабылдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
QOGAMnews тілшісіне сұхбат берген Нұргелді әскерге бару туралы шешімді өзі қабылдағанын айтады. Оның сөзінше, бұл шешімін әкесі де қолдаған. Жазда әкесімен сөйлескен кезде Айдын Рахымбаев ұлына армиялық дайындықтан өтудің қажет екенін айтқан.
Нұргелді әскерге шақырылмас бұрын Ұлыбританияда оқыған. Дегенмен ол екі айдан кейін оқуын саналы түрде тоқтатып, Қазақстанға оралып, әскери қызметті таңдаған. Жастайынан жеңіл атлетикамен айналысқанын, дене дайындығы өзіне қиындық тудырмайтынын да атап өтті.
Журналист оның әскерге баруын «тәрбиелеу» немесе «жаза» ретінде қабылдай ма деген сұрақ қойғанда, Нұргелді мұндай пайыммен келіспейтінін айтты. Ол қызметке өз еркімен келгенін және әскери бөлімдегі жағдайға толық қанағаттанатынын жеткізді.
Айта кетейік, Forbes.kz есебінше, 2025 жылы Айдын Рахымбаевтың байлығы 967 млн доллар деп бағаланған. Ол Қазақстандағы ең дәулетті 75 кәсіпкердің тізімінде 10-орында тұр. Кәсіпкердің негізгі капиталы BI Group құрылыс холдингіндегі үлесіне тиесілі.
Соңғы жаңалықтар