Қазақстандық музыка Instagram-нан алынды: министрлік шешім ұсынды

Қазақстандық музыка Meta платформаларынан, оның ішінде Instagram-нан алынып тасталғаннан кейін, елдегі авторлық құқықтарды қорғау мәселесі өзекті бола түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әділет министрлігі(Министерство юстиции) осы мәселені шешу үшін авторлар мен орындаушылардың құқықтарын қорғауға арналған цифрлық платформа құруды ұсынды. Бұл туралы министр Ерлан Сарсембаев үкімет отырысында мәлімдеді.
«2024 жылдың күзіне қарай қазақстандық музыка Instagram-нан жоғалып, бұл саладағы олқылықтарды ашып көрсетті. Көптеген белгілі әншілер мен композиторлар авторлық сыйақыны ала алмай жатқандарын айтты», – деді министр.
Министрлік авторлық құқықтарды басқарудың жаңа цифрлық жүйесін әзірлеуді көздеп отыр. Бұл жүйе авторларға музыкалық шығармаларын қолданудың барлық кезеңдерін бақылауға мүмкіндік береді: келісімшарт жасау, роялти жинау, бөлу және төлемдерді онлайн режимде алу.
«Жалпы, интеллектуалдық меншік нысандарын тіркеуді жетілдіру, мемлекеттік реестрлерге енгізілген объектілерді іздеу жүйесін дамыту, авторлар мен құқық иелеріне арналған мобильді қосымшаны әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен халықаралық ұйымдармен интеграцияны кеңейту көзделіп отыр», – деп түсіндірді министр.
Бұл бастама қазақстандық орындаушыларға өз еңбектерінің әділ бағалануын қамтамасыз етуге көмектеспек.
Соңғы жаңалықтар





