Қазақстандықтар киім мен аяқкиімге қанша ақша жұмсайды?
Қазақстанда киім мен аяқкиімге жұмсалатын ақша жыл сайын көбейіп келеді. Бірақ бұл халық бұрынғыдан көп киім сатып алып жатыр деген сөз емес. Өйткені баға да қымбаттаған, деп хабарлайды Politico.kz.
Energyprom агенттігінің зерттеуінше, биыл бір отбасы жарты жылдың ішінде киім-кешек пен аяқкиімге орта есеппен 136,9 мың теңге жұмсаған. Ал кей өңірлерде бұл көрсеткіш 200 мың теңгеден асып кеткен.
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында қазақстандық бір үй шаруашылығы киім, мата және аяқкиім сатып алуға орта есеппен 136,9 мың теңге жұмсаған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7,3 пайызға көп. 2025 жылдың алғашқы жартысында мұндай шығын 127,6 мың теңге болған.
Бір қызығы, жұмсалатын ақша көбейгенімен, отбасы бюджетіндегі киім мен аяқкиімнің үлесі азайып барады. Қазір бұл тауарларға халықтың тұтыну шығындарының 6,7 пайызы ғана тиесілі. Ал азық-түліктен өзге тауарларға жұмсалатын қаржының 30,8 пайызы киім, мата және аяқкиімге кетеді.
Соңғы он жылда қазақстандық отбасылардың осы тауарларға жұмсайтын ақшасы 79,6 мың теңгеден 136,9 мың теңгеге дейін, яғни 72 пайызға өскен. Алайда жалпы тұтыну шығындарындағы үлесі 10,5 пайыздан 6,7 пайызға дейін төмендеген.
Ең үлкен құлдырау 2020 жылы байқалған. Сол кезде киім мен аяқкиімге жұмсалатын шығын 76,1 мың теңгеге дейін азайып, отбасы бюджетіндегі үлесі 7 пайыз болған. Кейінгі жылдары шығын қайта өскенімен, он жыл бұрынғы үлесіне жете алмаған.
Түркістан облысының тұрғындары киімге көбірек ақша жұмсайды
Елімізде киім-кешекке жұмсалатын шығын өңірге қарай айтарлықтай ерекшеленеді.
2026 жылдың алғашқы алты айында ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген. Мұнда бір үй шаруашылығы киім, мата және аяқкиімге орта есеппен 236,8 мың теңге жұмсаған.
Одан кейін Маңғыстау облысы (211,8 мың теңге) мен Шымкент қаласы (205,5 мың теңге) тұр.
Жамбыл облысында бұл шығын 185,9 мың теңгені, Қызылорда облысында 180,2 мың теңгені, Ұлытау облысында 174 мың теңгені құраған.
Ал ең аз шығын Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Ондағы отбасылар жарты жылда киім мен аяқкиімге орта есеппен 80,3 мың теңге жұмсаған. Ақмола облысында бұл көрсеткіш 85,2 мың теңге, Қостанай облысында 89,3 мың теңге болған.
Яғни Түркістан облысындағы отбасылардың киім-кешекке жұмсаған ақшасы ШҚО тұрғындарымен салыстырғанда үш есеге жуық көп.
Қызығы, еліміздің екі ірі қаласында да шығын республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Алматыда бір үй шаруашылығы киім мен аяқкиімге 124,3 мың теңге жұмсаса, Астанада бұл сома 132,7 мың теңге болған.
Алайда ақшаның нақты көлемі мен оның отбасы бюджетіндегі үлесі бірдей емес.
Мәселен, Шымкентте киім, мата және аяқкиімге тұрғындардың барлық тұтыну шығынының 11,2 пайызы жұмсалады. Бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш.
Одан кейін Түркістан (9,6 пайыз), Маңғыстау (9 пайыз), Жамбыл (8,7 пайыз) және Атырау (8,1 пайыз) облыстары орналасқан.
Ал ең төменгі үлес Алматы облысында тіркелген – 4,8 пайыз. Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 4,9 пайыздан болған.
Демек, киім мен аяқкиімге ең көп ақша Түркістан облысында жұмсалғанымен, бұл шығынның отбасы бюджетіндегі үлесі бойынша Шымкент алда тұр.
Қазақстанда киім өндірісі өсіп жатыр
Халықтың киімге жұмсайтын ақшасы көбейген тұста отандық тігін өнеркәсібі де өндіріс көлемін арттырған.
Energyprom мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан кәсіпорындары 54,2 миллиард теңгенің киімін өндірген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 8,1 пайызға көп. Ал өндірістің нақты көлем индексі 127,5 пайызды құраған.
Салыстыру үшін, бір жыл бұрын өндірілген өнімнің ақшалай көлемі іс жүзінде өзгермеген, ал нақты көлем индексі 101,6 пайыз болған.
Соңғы он жылда елімізде шығарылатын киімнің ақшалай көлемі 2,7 есеге ұлғайған. Ең жоғары өсім 2021 жылы байқалып, өндіріс 26,6 пайызға артқан. Ал 2018 жылы керісінше 7,1 пайызға қысқарған.
Дегенмен барлық киім түрінің өндірісі бірдей өскен жоқ.
Мәселен, ерлер мен ұлдарға арналған трикотаж емес сырт киім өндірісі 29,4 пайызға артып, 183,7 мың данаға жеткен. Трикотаж сырт киім өндірісі 14,8 пайызға өсіп, 175,4 мың дана болған.
Свитер, жемпір, пуловер және осыған ұқсас киімдер өндірісі 21,1 пайызға ұлғайып, 123,5 мың данаға жеткен.
Ал әйелдер мен қыздарға арналған трикотаж емес сырт киім өндірісі керісінше 1,3 пайызға қысқарып, 114,5 мың дана болған.
Ең ерекше өсім нәрестелерге арналған трикотаж киімдер мен олардың керек-жарақтары өндірісінде байқалған. Бұл өнімдердің ақшалай көлемі бірден 33,4 есеге өсіп, 794,7 миллион теңгеге жеткен.
Баскиім өндірісі де 41,5 пайызға артып, 1,5 миллиард теңгені құраған.
Ал табиғи теріден тігілетін киімдер мен керек-жарақтар өндірісі 8,9 пайызға азайып, 98,3 миллион теңгеге түскен. Трикотаж шұлық өндірісі 40,7 пайызға қысқарып, 6,5 миллион жұп болған.
Киімнің басым бөлігі әлі де шетелден келеді
Отандық өндіріс өскенімен, Қазақстанның киім мен аяқкиім нарығы әлі де импортқа қатты тәуелді.
2026 жылдың қаңтар-шілде айларындағы мәлімет бойынша, еліміздегі трикотаж сырт киімге деген сұраныстың 98,6 пайызы шетелдік өніммен қамтамасыз етілген.
Өзге сырт киімдерде импорттың үлесі 98,2 пайыз болса, свитер, жемпір және осыған ұқсас киімдерде 97,4 пайызға жеткен.
Ал спорттық, қорғаныш және ортопедиялық аяқкиімдерді есептемегенде, өзге аяқкиімдерге деген сұраныстың 93,6 пайызы импорт есебінен өтелген.
Басқа тауарларда да жағдай ұқсас. Спорттық, шаңғы және суға түсуге арналған киімдер мен өзге киім түрлерінде импорт үлесі 91 пайыз, нәрестелер киімі мен керек-жарақтарында 89,8 пайыз, ішкиімде 88,8 пайыз, шұлық пен колготки секілді бұйымдарда 83,7 пайыз болған.
Дегенмен былтырмен салыстырғанда аталған барлық тауар түрінде шетелдік өнімнің үлесі азайған.
Әсіресе ішкиім нарығында айтарлықтай өзгеріс байқалады. Мұнда импорт үлесі 2025 жылдың қаңтар-шілде айларындағы 99,3 пайыздан биыл 88,8 пайызға дейін төмендеген. Нәрестелер киімінде де бұл көрсеткіш 99,2 пайыздан 89,8 пайызға азайған.
Киім мен аяқкиім бір жылда 10,8 пайызға қымбаттады
Киім-кешекке жұмсалатын шығынның артуына бағаның өсуі де әсер етіп отыр.
2026 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда киім мен аяқкиім бағасы өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 10,8 пайызға көтерілген. Бір қызығы, былтыр да жылдық қымбаттау дәл осындай, яғни 10,8 пайыз болған.
Биылғы тоғыз айда баға 8,1 пайызға өскен. Ал тек қыркүйектің өзінде 1,4 пайызға қымбаттаған. Бұл 2022 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары айлық өсім.
Киім бағасы әсіресе Ақмола облысында қатты көтерілген – бір жылда 17,5 пайызға. Астанада киім 16,6 пайызға, Түркістан облысында 15,7 пайызға қымбаттаған.
Ал ең төмен өсім Павлодар (3,1 пайыз), Ақтөбе (5,5 пайыз) және Қызылорда (5,9 пайыз) облыстарында тіркелген.
Жалпы Қазақстан бойынша киім бағасы бір жылда орта есеппен 10,6 пайызға өскен.
Аяқкиім бұдан да көбірек қымбаттаған. Бір жылдағы өсім 11,1 пайызды құраған.
Бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы тағы да алда тұр. Мұнда аяқкиім бағасы бірден 23 пайызға көтерілген. Түркістан облысында 16,6 пайызға, Қостанай облысында 15,8 пайызға өскен.
Ал Павлодар облысында аяқкиім небәрі 5 пайызға, Жамбыл облысында 6,1 пайызға, Атырау облысында 6,9 пайызға қымбаттаған.
Әйелдер мен қыздардың киімі көбірек қымбаттаған
Киім түрлеріне жеке тоқталсақ, баға ең алдымен қыз балаларға арналған киімдерде өскен. Бір жылда олардың құны 12,1 пайызға көтерілген.
Әйелдер киімі 11,3 пайызға, ұл балалар киімі 10,9 пайызға қымбаттаған. Екі жасқа дейінгі балалардың киімі 10,1 пайызға, ерлер киімі 9,9 пайызға өскен.
Ал мектеп формасының бағасы бір жылда 6,3 пайызға көтерілген.
Аяқкиімдердің ішінде ерлерге арналған түрлері көбірек қымбаттаған – 12,4 пайыз. Әйелдер аяқкиімінің бағасы 11,3 пайызға, балалар аяқкиімі 8,7 пайызға артқан.
Соңғы жаңалықтар