«Басты мақсат — ақша табу емес»: Димаш Грэмми жобасында сұхбат берді
Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Грэмми студиясының жаңадан ашылған «Global Mixtape» жобасының алғашқы шығарылымына қатысты, деп хабарлайды Politico.kz dimashnews.com порталына сілтеме жасап.
Журналист Валери Лимен болған сұхбатта әнші бала кезінен қалыптасқан талғамы, қазақ өнерінің ерекшелігі мен алдағы әлемдік турнесі туралы айтты. Ол өз шығармашылығында баюды емес, рухани құндылықтарды насихаттауды басты орынға қоятынын ашық білдірді.
«Айтайын дегенім — басты мақсат ақша табу емес. Ең маңыздысы — біз, өз аудиториясы бар өнер адамдары, халыққа бейбітшілікті, ізгілікті, махаббат пен өзара түсіністікті еске салып отыруымыз керек. Өміріміздегі ең басты құндылық ақшамен өлшенбейді. Менде бар мүмкіндікті адамдарға осы шындықты жеткізу үшін пайдалануға тырысамын», — деп ағынан жарылды әнші.
Сондай-ақ өнер иесі жуырда басталатын жаңа гастрольдік сапарында 20-дан астам, тіпті 40-қа жуық мемлекетті аралауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Ол өзі баратын әрбір елде сол халықтың ана тілінде ән шырқауды дәстүрге айналдырмақ ниетте.
Сонымен қатар Димаш алдағы апталарда АҚШ-тың атақты «Мэдисон-сквер-гарден» аренасында өткен жеке концерті туралы деректі фильмді көпшілік назарына ұсынбақ. Осылайша қазақстандық әнші тыңдармандарына жаңа әндермен қатар, тағылымды жобаларын тарту етуге дайындалып жатыр.
Соңғы жаңалықтар