Қазақстанның авиациялық әкімшілігін америкалық басқарады
Азаматтық авиация саласында 40 жылдан астам іс-тәжірибесі бар Майкл Дэниел «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» компаниясының жаңа басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Азаматтық авиация комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, жаңа бас атқарушы директор өз міндетіне 4 мамырдан бастап кіріскен.
АҚШ-тағы Эмбри-Риддл аэроғарыш университетін аэронавтика мамандығы бойынша тәмамдаған ол кәсіби жолын Американың Азаматтық авиация жөніндегі федералдық басқармасында бастаған. Ол аталған мекемеде ұшуды пайдалану инспекторы, әуе кемелерін сертификаттау маманы және ұшу қауіпсіздігі қызметінің басшысы сияқты жауапты қызметтерді атқарған.
Шетелдік маман федералдық басқарманың Франкфурт, Нью-Йорк және Вашингтон қалаларындағы кеңселерінде жұмыс істеп, 2006-2009 жылдары Сингапур мен Бейжіңдегі бөлімшелерді басқарған. Бұл қызметінде ол шетелдік жөндеу ұйымдарын қадағалап, халықаралық қауіпсіздікті бағалауды жүзеге асырған.
Сонымен қатар Майкл Дэниел әр жылдары көлік қауіпсіздігі мен әуе қатынасы жөніндегі түрлі халықаралық бастамаларға жетекшілік етіп, Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген.
Маманның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік қадағалау жүйелерін дамытудағы халықаралық тәжірибесі еліміздің әуе саласына қажет. Ал жаңа басшының алдына қойылған ең басты міндеттердің бірі – Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстерін ашу.
Соңғы жаңалықтар