Қазақстанның ең сұлу аруы анықталды

29.10.2025 21:46 Берік Арманов
Қазақстанның ең сұлу аруы анықталды
0
148

 

Қостанайдан шыққан Дана Алмасова биыл Қазақстанның сұлулығын әлемдік аренада паш етпек. Ол Таиландта өтетін халықаралық «Ғалам Аруы 2025» (Miss Universe 2025) байқауына қатысып, еліміздің атынан бақ сынайды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

Алматыда өткен баспасөз конференциясында «Қазақстан Аруы» ұлттық байқауының директоры Айжан Рузаева, PR-менеджер Құралай Құрман және еліміздің басты үміті Дана Алмасова БАҚ өкілдерімен кездесіп, дайындық барысын баяндады.

Айжан Рузаеваның айтуынша, «Қазақстан Аруы» ұлттық жобасы әлемдегі үш ірі сұлулық додасына ресми лицензиясы бар беделді ұйымдардың бірі. «Біздің мақсатымыз – қазақстандық сұлуларды халықаралық деңгейде танытып, олардың әлеуметтік және мәдени бастамаларын қолдау», – деді Рузаева.

Дана Алмасова 2024 жылы Қостанай атынан қатысып, байқаудың үздік бестігінің қатарына енген болатын. Енді ол Таиландта өтетін финалға дайындық үстінде.

Сұлулықпен қатар, Дана қоғамға пайдалы жобалармен де айналысады. Ол балалар үйінің тәрбиеленушілеріне шеберлік сағатын өткізіп, экологиялық акцияларға қатысқан. Биылғы әлемдік додада Дана табиғатты қорғауға арналған экологиялық жобасын ұсынбақ.

«Менің мақсатым – жер шарын адам әрекетінің зардаптарынан “тыныс алдыру”. Францияның лавандасын бәрі біледі, ал мен қазақ даласының қызғалдақтарын әлемге танытқым келеді», – дейді ол шабытпен.

Дананың ұлттық костюмі де табиғат тақырыбына негізделген. Жібек пен киізден тігілген ерекше киім қызғалдақ өрнектерімен көмкерілген, бұл – қазақ даласының нәзіктігі мен күші үйлескен символ.

21 жастағы Дана Алмасова – Қостанайдың тумасы, Түркиядағы Анадолу университетінің түлегі. Кітап оқуды, өзін дамытуды және әлеуметтік жобалар арқылы шабыт таратуды ұнатады.

«Менің басты мақсатым – қазақ қыздарының сұлулығын ғана емес, олардың ақылы мен рухын да әлемге таныту. Қазақстанды лайықты таныстырып, үздік елдердің қатарына қосылу үшін бар күшімді саламын», – деді ол.

Финалдық шоу 21 қарашада Таиландта өтеді. Байқауға 100-ден астам елдің аруы қатыспақ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий