Қазақстанның сыртқы істер министрі украиналық әріптесін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

24.08.2026 23:38 Қанат Айбар
Қазақстанның сыртқы істер министрі украиналық әріптесін Тәуелсіздік күнімен құттықтады
171
Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Украинаның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Андрей Сибиганы елдің ұлттық мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Биыл Украина тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтуде. Осыған орай жолданған құттықтауда қазақстандық министр екі елді көптеген жылдар бойы берік достық пен өзара түсіністіктің мызғымас байланыстары жалғап келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол мемлекеттер мен халықтар арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың көп қырлы деңгейі жоғары бағаланатынын жеткізді.

Ермек Көшербаев сыртқы саяси ведомстволардың бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстан мен Украина арасындағы жан-жақты өзара іс-қимыл алдағы уақытта да достық пен тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге, құрметті Андрей Иванович, зор денсаулық, жауапты қызметіңізде одан әрі табыс, ал достас Украина халқына бейбітшілік, амандық-саулық және өркендеу тілеймін», – деді Ермек Көшербаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий