Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді: Елде қандай маңызды өзгерістер болады?

01.07.2026 08:52 Әсел МҰРАТ
Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді: Елде қандай маңызды өзгерістер болады?
260
Фото: Ақорда

Бүгіннен бастап Қазақстанда жаңартылған Конституция ресми түрде күшіне енді. 1995 жылы қабылданған Ата заңның мәтіні 80%-ға өзгеріп, мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды реформалар әкелмек. Ең басты жаңалықтардың қатарында – бір палаталы Құрылтай парламенті, заң шығаруға құқылы Халық кеңесі және Ақордадағы вице-президент лауазымы бар. Politico.kz жаңа Ата заң аясында күтілетін негізгі өзгерістер шолуын ұсынады.

Құрылтай сайлауы қашан өтеді?

Жаңа саяси реформаға сәйкес, бұрынғы қос палаталы парламент 1 шілдеден бастап қызметін толық тоқтатты. Ендігі кезекте мынадай қадамдар жоспарланған:

1 ай ішінде президент Құрылтай сайлауын жариялауы тиіс. Ал 2 ай ішінде бір палаталы жаңа парламенттің сайлауы өткізілуі керек.

Қыркүйек айында құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылған соң, екі ай мерзімде Мемлекет басшысының ұсынысымен және депутаттардың мақұлдауымен вице-президент тағайындалады.

Айта кететін жәйт, Қазақстан Президенті Құрылтай төрағасымен және Премьер-министрмен кеңесе отырып, Құрылтайды тарату құқығына ие.

Вице-президенттің міндеттері мен құзыреті қандай?

Бұрын Мемлекет басшысы өз міндетін атқара алмаған жағдайда, билік Сенат төрағасына өтетін. Сенаттың жойылуына байланысты, бұл функция енді автоматты түрде вице-президентке жүктеледі. Оны президент ұсынып, Құрылтай мақұлдайды.

Вице-президенттің саяси партияларда мүшелікте болуына немесе басқа қызметтерді атқаруына тыйым салынады.

Президенттің тапсырмасымен Құрылтай, Үкімет және басқа да мемлекеттік құрылымдармен қарым-қатынаста мемлекет атынан өкілдік етеді.

Конституциялық сот және сот жүйесіндегі реформалар

Конституциялық сот өз құрамындағы 11 судьяны сақтап қалғанымен, оларды бекіту процесі өзгерді.

Енді сот төрағасын Президент дербес тағайындайды, ал қалған 10 судья Құрылтайдың келісімімен бекітіледі.

Жаңа құқықтары: Халықаралық ұйымдардың шешімдерін Конституцияға қайшы деп тану, олардың елде орындалуына тыйым салу және Президенттің өз еркімен отставкаға кетуіне қатысты қорытынды шығару.

Сот жүйесіндегі басқа да өзгерістер:

  • Жоғарғы Сот төрағасы 6 жылдық мерзімге тек бір рет қана тағайындалады.
  • Жоғарғы Сот судьяларын бұрынғыдай Сенат емес, тікелей Құрылтай сайлайды.
  • Судьяны тұтқындау немесе қылмыстық іс қозғау үшін Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысы негізінде Президенттің немесе Құрылтайдың рұқсаты қажет.

Прокуратура мен әкімдіктердегі жаңа ережелер

Бас прокурор енді тек Мемлекет басшысына бағынады және есеп береді. Ол 6 жылдық бір мерзімге ғана тағайындалады. Бас прокурорды Сенаттың мақұлдауы туралы ескі талап күшін жойды.

Облыс пен республикалық маңызы бар қала басшыларын Президент жергілікті мәслихаттардың келісімімен ғана тағайындайды. Жаңа президент келген сәтте барлық әкімдердің өкілеттігі автоматты түрде тоқтатылады.

Тікелей Президент тағайындайтын басшылар тізімі

Жаңа Конституция күшіне енген соң 2 ай ішінде мына 6 маңызды лауазым иелері қайта тағайындалуы тиіс:

  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы;
  • Бас прокурор;
  • Ұлттық банк төрағасы;
  • Жоғарғы сот төрағасы;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен);
  • Жоғары сот кеңесінің төрағасы.

Құрылтайдың алғашқы сессиясынан кейін 2 ай ішінде Конституциялық сот құрамы мен Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бекітіледі.

Халық кеңесінің рөлі мен өкілеттігі

Қазақстан Халық Кеңесі – ел азаматтарынан құралатын, халық мүддесін қорғайтын жоғары консультативтік орган.

Кеңестің басты функциялары:

  • Ішкі саясат, қоғамдық келісім және ұлттық бірлікті нығайту бағыттарын айқындау.
  • Жалпыұлттық құндылықтарды дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу.
  • Құрылтайға заң жобаларын ұсыну.
  • Жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру.

Тіл мәртебесі бойынша жаңа түзету

Конституциядағы орыс тілінің мәртебесіне қатысты тармақ нақтыланды. Бұрынғы мәтіндегі «тең» сөзі «қатар» сөзіне ауыстырылды. Жаңа редакцияда «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады» деп жазылған.

Адам құқықтары мен сотсыз тұтқындауға тыйым салу

Жаңа Ата заңның 15-бабында әрбір азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын заңды түрде, соның ішінде өзін-өзі қорғау және кәсіби заң көмегі арқылы қорғауға құқылы екені шегелеп көрсетілген. Барлық адам заң мен сот алдында тең.

Мемлекет өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерлерде де қорғауға кепілдік береді. Ешбір адамды сот шешімінсіз заңда белгіленген мерзімнен артық ұстауға болмайды. Күзетке алу тек сот санкциясымен ғана жүзеге асады және оған шағымдану құқығы сақталады.

Еске сала кетейік, жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум 2026 жылдың 15 наурызында өтіп, оған қатысқан сайлаушылардың 87%-ы оң дауыс берген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий