«Қазақтелеком» отандық өнімді сатып алуды арттырып, арнайы KPI енгізбек
«Қазақтелеком» компаниясы қазақстандық өндірушілерден тауар сатып алу көлемін 7,75%-ға ұлғайтты, деп хабарлайды Politico.kz.
2026 жылдың тамыз айындағы мәліметтер осындай оң динамиканы көрсетіп отыр. Компания бұл қарқынды жыл соңына дейін сақтап қалуды жоспарлаған.
Отандық бизнесті қолдаудың басты құралы ретінде офтейк-келісімшарттар қолданылады. Бұл келісімдер кәсіпкерлерге өз өнімін өткізуге нақты кепілдік береді. 2025 жылы «Қазақтелеком» осындай 19 келісімшарт жасасқан. Олардың жалпы сомасы қосылған құн салығынсыз 2,3 млрд теңгеден асады.
Кәсіпкерлерді қолдау мәселелері 25 тамызда өткен арнайы дөңгелек үстелде талқыланды. Онлайн кездесуге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтар мен қоғам өкілдері қатысты. «Қазақтелекомның» бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов серіктестермен байланысты дамыту компанияның басты басымдығы екенін айтты.
«Мұндай кездесулер сатып алу үдерістерінде ашықтық пен адал бәсекелестік қағидаттарын ұстанатынымызды, сондай-ақ кәсібилікке, өзара құрметке және барлық қатысушыға тең мүмкіндік беруге негізделген сындарлы диалогты қолдайтынымызды көрсетеді», – деді Ержан Мейрамов.
Қазіргі таңда байланыс операторы бағдарламалық-аппараттық кешендер, оптикалық жабдықтар мен түрлі кабельдер сатып алады. Сонымен қатар қажетті тауарлар қатарында платалар, отын, аккумуляторлар және қабылдағыштар бар. Алдағы уақытта осы бағыттарда қазақстандық өнімдердің үлесі тағы да арта түспек.
«Офтейк-келісімшарттар – жаңа отандық өндірістерді қолдаудың тиімді тетігі. 2026 жылы жергіліктендірілген тауарлар қатарын кеңейту және қазақстандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатырмыз», – деді «Телеком Жинақтау» дирекциясының бас директоры әрі сатып алу жөніндегі директоры Мұрат Сәрсекеев.
Оның айтуынша, компания сатып алынатын отандық тауарлардың үлесіне байланысты жаңа тиімділік көрсеткішін енгізіп жатыр. Бұл қазақстандық өндірушілердің сатып алу рәсімдеріне қатысуын одан әрі ынталандырады.
«Алға қойған мақсаттарға өзара сенімге, серіктестікке және жаңа шешімдерді енгізуге ұмтылысқа негізделген бірлескен жұмыс арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Отандық өндірушілермен және жеткізушілермен ашық диалог орнату ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Сәрсекеев.
«Қазақтелеком» мәліметіне сүйенсек, дөңгелек үстел сұрақ-жауап форматында өткен. Жеткізушілер өз ұсыныстарын алдын ала жолдап, кездесу барысында нарықтың нақты пікірлері ескерілді. Мұндай шаралардан бөлек, компания салалық кездесулер өткізіп, өндіріс орындарына барады. Сонымен қатар бейінді жұмыс топтары құрылып, өндірушілермен меморандумдар жасалады.
Ұйымның барлық сатып алу қызметін 1998 жылдан бері «Телеком Жинақтау» дирекциясы жүргізіп келеді. Бұл бірыңғай жабдықтау орталығы 2025 жылы 1800-ден астам жеткізушімен жұмыс істеген. Оның 500-ге жуығы ірі компаниялар болса, 2026 жылы белсенді серіктестер саны қазірдің өзінде 1200-ден асып түсті.
Соңғы жаңалықтар