«Қазақтың бұлбұлы»: 96 жастағы Бибігүл Төлегенова сахна төрінде елді толқытты
КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова 96 жасында сахнаға шығып, көрерменнің көз жасына ерік бергізді, деп хабарлайды Politico.kz
Ғасырға жуық ғұмырын өнерге арнаған біртуар әнші шәкірті Толқын Забированың жеке концертінде қонақ болды. Ұстазын сахнаға Толқын Забирова қоларбамен алып шығып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сахна төрінде отырған Бибігүл Ахметқызы шәкіртіне ақ тілегін айтып, жиналған халыққа алғысын жеткізді. Көзіне жас алған өнер саңлағы жүрекжарды лебізін жасырмады.
«Рахмет, халқым! Баршаңа мың да бір алғыс! Сендерді қатты жақсы көремін. Бақытты болыңдар. Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Мен сияқты 96 жасқа келіп, халықтың алдында бақытты болып жүре бер, Толқыным. Ол – өте ұқыпты, абыройлы, бақытты жан. Қазір мен ән айтпаймын, жасым келді. Бірақ қанша жасқа келсем де “қазақтың әнші бұлбұл қызы” деген сөздің өзі мен үшін үлкен бақыт», — деді ол.
Бұл әсерлі сәт желі қолданушыларының жүрегін елжіретті. Оқырмандар өнер аңызына деген құрметін ашық білдірді.
«Қандай керемет көрініс», «Алла күш-қуат берсін», «Қазағымның бұлбұл қызы», «Бас иеміз», «Толқын шын мәнінде бақытты шәкірт екен», «Сұлу көркі мен әсем даусымен елді тәнті еткен апамызды көріп, көз жасымды ұстай алмадым», «Әр ұстаздың шәкірті осындай, әр шәкірттің ұстазы Бибігүл ападай болсын», — деп жазды олар.
Соңғы жаңалықтар