Қолын белдікпен байлап, өзін ағашқа іліп қойғанына сенбеймін - әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы

Қолын белдікпен байлап, өзін ағашқа іліп қойғанына сенбеймін - әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы
20.09.2025 09:44
0
264
ашық дереккөз

17 қыркүйекте Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммед Шынарбектің денесі табылды. Қайғылы хабарды естіген ата-анасы баласының денесін тану үшін өңірге барды.

Дінмұхаммед пен егізі Даниял 2006 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Әкесінің айтуынша, марқұм кішкентайынан еңбекқор, қолғабыс көрсетуге дайын бала болып өскен.

«Ұлым әрқашан жанымнан табылатын. Қайда барсам да қасымнан шықпайтын. Тіпті кішкентайынан-ақ "Әке, көмектесейін бе?" деп сұрайтын. Ондай баланың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес», – дейді жүрегі қан жылаған әке.

Әскерге алдымен Даниял шақырылса, артынша Дінмұхаммед те Отар гарнизонына аттанған. Алғашында бірге қызмет еткен ағайындылар ант қабылдағаннан кейін екі бөлек бөлімге жіберілген. Дінмұхаммед Мәтібұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырылып, дәл сол жерде қайғылы жағдай орын алған.

«Ол алғашқы алты айды ағасымен бірге өткізуді, кейін үйренген соң бөлек қызмет етуді қалаған еді. Бірақ оларды ажыратып жіберді. Қайғылы жағдай болғанда бізге біресе "Отарда", кейін "Кордайда", артынша "Алматыда" деді. Нақты жауап болмады. Ақырында: "Ұлыңыз асылып қалды" деген хабар жетті», – дейді марқұмның әпкесі.

Сараптама қорытындысы бойынша өлімнің себебі асфиксия, яғни тұншығу деп көрсетілген. Денесінде зорлық белгілері табылмағанымен, отбасы «өз-өзіне қол жұмсады» деген нұсқаға сенбей отыр.

«Мүмкін, оны өлтіргеннен кейін асқан шығар», – дейді әпкесі күдікпен. Анасы Бибинұр Қалтаева да ұлының қазасына сенбейтінін жеткізді. Ол көз жасын тыя алмай, баласының туған күнін еске алды: «Бірнеше күн бұрын телефон соғып, "Отарда туған күнді атап өтейік, келші" деді. Бірақ бара алмадым. Бәлкім, бір нәрсені сезген шығар... Ол әскерге "Отанды қорғаймын" деп кетті. Бірақ Отан менің ұлымды қорғай алмады. Мен балаларымды сүйіспеншілікпен өсірдім, мектепке бердім, білім бердім. Өз қолыммен әскери комиссариатқа апардым. Тірі күйінде тапсырдым... Ал олар маған жауап ретінде, “Міне денесі, әкетіп, жерлеңіздер” деп айтты», – дейді зар жылаған ана.

Бибинұр Қалтаева ұлының денесінде күмәнді белгілер болғанын да айтты:

«Әпкем барып көріп келді. Оның айтуынша, ұлымның мойнында бір жіп асылулы, қолы байлаулы болыпты. Қолы байлаулы күйі адам қалай асылады. Ол мүмкін емес нәрсе. Қалай өтірік айтады олар? Қолы байлаулы, жіпке асылған деп. Қолын байлап қойып, асылып өлді дегенге адам сене ме, айтыңдаршы?! Қолын былай артында байлап қойса, қалай адам өзіне қол салады? Менің баламды қыршыннан қиды ғой олар. Ол өмір сүргісі келетін бала еді», – деп қайғысын жеткізді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий