«Қолында досының береті болған»: Каспийде аман қалған сарбаздың әкесі ұлының не көргенін айтты

25.09.2026 • 13:11 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Қолында досының береті болған»: Каспийде аман қалған сарбаздың әкесі ұлының не көргенін айтты
293
Коллаж Politico.kz

Каспийдегі оқу-жаттығудан аман қалған 19 жастағы Ақжол Темірәлиев жағаға өзі жүзіп шығып, кейін суға кеткен жолдасын жарты сағаттай іздеген. Бұл туралы әкесі Тимур Қыдырниязов блогер Азамат Сәрсенбаевқа берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Әкесінің сөзінше, Ақжол жансақтау бөлімінде жатқанда онымен бес-он минут қана сөйлесуге рұқсат берілген. Қасына аз уақытқа ғана кіріп, болған жайтты толық сұрап үлгере алмаған. Дегенмен, жұрттың түрлі сөзіне қарамастан, мән-жайды оның өз аузынан естігенін жеткізді.

Әкесінің айтуынша, әскери қызметшілер тапсырмаға оқиғадан үш күн бұрын дайындала бастаған. Ақжол жолдасын іздеп жүргенде басы айналып, су жұтып қойған.

Сондай-ақ, ол баласы есін жиған кезде қасында жедел жәрдем көліктері тұрғанын және ауруханаға барар жолда бірде есін жиып, бірде есінен танып жатқанын атап өтті. Оған қоса, кешегі видеода көрінгендей, оның қолында досының береті болғанын айтты.

Оның айтуынша, ұлы жағдайы тұрақталғанша, 3 қазанға дейін ауруханада болады. Әкесі қазір ең алдымен баласының денсаулығына алаңдайтынын жеткізді. Көкейінде сұрақ көп екенін, алайда туыстарынан барлық сұраққа жауап бермеуді сұрағанын да айтты.

Қайғылы оқиға кезінде Тимур Қыдырниязов Жаңаөзенде жұмыста болған. Болған жағдайды оған әскерилер хабарламаған. Қазір Ақжолдың жағдайы тұрақты, есін жиған. Облыстық аурухананың терапия бөлімінде ем алып, дәрігерлердің бақылауында жатыр.

Еске сала кетейік, кеше, 24 қыркүйекте Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде ауа райы бұзылып, жел күшейгенде 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі бойынша қызметке салғырт қарап, ауыр зардаптарға әкелу және 465-бабы бойынша кеме жүргізу қағидаларын бұзу деректерімен екі қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталған.

Қаза тапқан 14 әскери қызметшінің үшеуінің денесі арнайы рейспен Оралға жеткізілді.

Войдите, чтобы оставить комментарий