Каспийде қаза тапқан үш әскери қызметшінің денесі Оралға жеткізілді

25.09.2026 • 12:33 Қарақат АСЫЛОВА
Каспийде қаза тапқан үш әскери қызметшінің денесі Оралға жеткізілді
369

Бүгін, 25 қыркүйекте сағат 08:45-те Орал әуежайына Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі арнайы рейспен жеткізілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің хабарлауынша, Маңғыстаудағы оқу-жаттығуда қаза тапқан үш әскери қызметшіні ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйекте өтеді.

Жеңіс Темірғалиев Бөрлі ауданының Ақсай қаласынан, Қазақстан Қарулы күштерінде мерзімді әскери қызмет атқарған. Ақжайық Ғилаж Қазталов ауданының Қараоба ауылында тұрған, мерзімді қызметтегі матрос болған. Ал Өмірбек Өмірзақ Бәйтерек ауданының тұрғыны еді.

Әкімдіктің мәліметінше, мемлекет басшысының тапсырмасымен марқұмдардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар материалдық көмек көрсетеді. Бұған кәсіпкерлер де атсалысады. Жерлеу рәсімдеріне қажетті шаралар қабылданып жатыр, бұл жұмыс облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Үшеуі Каспийдегі қайғылы оқиғадан қаза тапқан 14 әскери қызметшінің қатарында. 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырма кезінде ауа райы кенет бұзылып, қатты жел 17 әскериді теңізге алып кеткен.

Олардың үшеуі құтқарылды. Ауруханаға түскен жалғыз әскери қызметші есін жиды. Қаза тапқандардың тізімі жарияланып, іздеу жұмыстары аяқталды.

Бүгін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий