Каспийдегі сұмдықтан аман қалған сарбаз есін жиды (ВИДЕО)

25.09.2026 • 10:51 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Каспийдегі сұмдықтан аман қалған сарбаз есін жиды (ВИДЕО)
593
Фото: Бейнеден кадр

Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде құтқарылып, ауруханаға түскен 2007 жылы туған әскери қызметші Ақжол Темірәлиевтің жағдайы тұрақты, деп хабарлайды Politico.kz.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, ол облыстық аурухананың терапия бөлімінде ем алып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында жатыр.

Ақжолдың видеосын жариялаған блогер Азамат Сәрсенбаев сарбаздың жүріп, өздігінен тамақтанып, сөйлесіп отырғанын хабарлады. Оның сөзінше, дәрігерлер қажетті көмекті көрсеткен, енді жігітке күш жинап, қалпына келу керек.

Ақжол құтқарылған үш әскери қызметшінің ішінде ауруханаға жатқызылған жалғыз сарбаз.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болды. Әскерилер Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырма орындап жатқанда ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Сол кезде оларды теңізге алып кеткен.

Алғашында 9 адамның қаза тапқаны хабарланды. Кейін Қорғаныс министрлігі марқұмдар саны 12-ге жеткенін мәлімдеді. Теңізде тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр.

Оқиғаға байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен оқиғаның себебін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оны басқарған премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл бару тапсырылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскерилердің жақындарына көңіл айтып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды және отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды. Қазақстанда 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Войдите, чтобы оставить комментарий