Қоныстой өтпей, қабырғасы жарылады: Жаңа үйлердің сапасына кім жауапты

16.09.2026 14:07 Қарақат АСЫЛОВА
Қоныстой өтпей, қабырғасы жарылады: Жаңа үйлердің сапасына кім жауапты
61
ЖИ арқылы жасалған сурет

Жаңа пәтерге көшкен тұрғындар құбырдан су кетіп, қабырға жарылғанын өздері анықтауға мәжбүр. Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай құрылыс кезіндегі мемлекеттік бақылаудың тиімділігін тексеруді сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) фракциясының мүшесі депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдады.

Депутаттың айтуынша, көпшілік баспананы ипотекаға алып, ақысын жылдар бойы төлейді. Бірақ кейбір үйлерде қоныстой өтпей жатып ақаулар шығады. Қыста пәтерлер суық болып, тіпті ғимарат қасбеттері құлайтын жағдайлар кездеседі.

Сайлаубай мұндай кемшіліктердің үй салынып жатқанда неге анықталмағанын сұрады. Оның пікірінше, тұрғындар сатып алған пәтерінің сапасын тексеретін соңғы бақылаушыға айналмауы керек.

Сауалда 1 шілдеден қолданысқа енген жаңа Құрылыс кодексі бақылауды күшейтуге, цифрлық мониторинг енгізуге және құрылысқа қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталғаны айтылған. Алайда депутат үшін бұл тетіктердің заңда болуы ғана емес, іс жүзінде жұмыс істеуі маңызды.

Ол өңірлерде құрылыс жобаларын іске асыру да, оларды мемлекеттік бақылау да жергілікті атқарушы органдар жүйесінде жүргізілетініне назар аударды. Осы органдар аумақтарды дамытуға, қала құрылысы саясатына және тұрғын үй жобаларына жауап береді.

Депутат мұны әкімдік қызметкерлерін заң бұзушылықтарға көз жұмады деп айыптау үшін айтып отырмағанын жеткізді. Дегенмен мұндай жүйеде мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін, сондықтан бақылаудың тәуелсіздігін бағалау қажет деп санайды.

Сайлаубай құрылыс кезінде және нысан пайдалануға берілгеннен кейін қанша заң бұзушылық анықталғанын сұрады. Сондай-ақ бақылауды кім жүргізгенін, ақаулардың ертерек анықталмауына кім жауапты екенін түсіндіруді талап етті.

Егер талдау қолданыстағы жүйенің тәуелсіздігі мен тиімділігі жеткіліксіз екенін көрсетсе, депутат Құрылтай тиісті заңнамалық өзгерістерді қарауға тиіс деп есептейді. Мемлекет кемшіліктерді тұрғындар көшіп келген соң емес, жобалау мен құрылыс кезеңінде анықтап, жоюды қамтамасыз етуі керек.

Войдите, чтобы оставить комментарий