Қоршауға ілініп қаза тапқан қыз туралы тың дерек шықты

Ресейдің Пермь қаласында 18 жастағы Надежда есімді бойжеткеннің қайтыс болуына байланысты түрлі болжамдар таралуда. Әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ бұл оқиғаны зорлық-зомбылық пен кісі өлтіру дерегі ретінде сипаттағанымен, полиция өкілдері бұл мәліметтерді растамады. Олардың айтуынша, қайғылы жағдай – жазатайым оқиға болуы мүмкін.
Қыздың денесі 11 мамырға қараған түні Маршал Рыбалко көшесіндегі бар маңындағы темір шарбақтың үстінен табылған. Металл штырь қыздың кеуде тұсына кіріп, оқиға орнында қайтыс болған. Алдын ала тергеу деректері бойынша, бойжеткен қоршаудан асып өтпек болғанда, тепе-теңдігін жоғалтып, шаншылып қалған.
Бірнеше куәгер мен бар қызметкерлері полицейлерге Надежданың құрбысымен бірге барға келгенін, екеуінің қолында бір жарым литрлік сыра болғанын және мас күйде болғанын айтқан. Надежда барда дәретханаға кеткеннен кейін қайтып оралмаған. Құрбысы оны күтіп, кейін іздеп көріп, таба алмаған соң такси шақырып үйіне қайтып кеткен.
Бұған дейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі парақшаларында қызды мигранттар ұрлап, зорлап, кейін қоршауға іліп кеткені жөнінде ақпарат тараған. Алайда полиция бұл мәліметтерді жоққа шығарды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға – жазатайым жағдай. Қылмыстық құрам анықталған жоқ. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Соңғы жаңалықтар




