«Қос бұрымым – болмысымның бір бөлігі»: Қарақат Әбілдина көпшілікке сырын ақтарды

16.06.2026 12:12 Мөлдір ҚАЙНАР
«Қос бұрымым – болмысымның бір бөлігі»: Қарақат Әбілдина көпшілікке сырын ақтарды
78
Фото: instagram.com/karakat_a

Қазақстандық әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында ұзын қос бұрымының өзі үшін ерекше мәнге ие екенін айтып, оқырмандарымен сыр бөлісті., деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесінің айтуынша, ол ауыл мен қаланың тәрбиесін қатар көріп, екеуінен де өміріне қажетті құндылықтарды бойына сіңірген.

«Ауылдың да, қаланың да тәрбиесін қатар көрдім. Екеуінен де өзіме керегін алдым. Ауылдан – қарапайымдылық пен кеңдікті, қаладан – талғам, талпыныс, таңдауды үйрендім», – деп жазды әнші.

Қарақат Әбілдина ұзын бұрымның өзі үшін жай ғана сән емес, ұлттық болмыс пен қазақ қызының тәрбиесін айшықтайтын құндылық екенін атап өтті.

«Ес білгелі шашым ұзын болды. Ұзын бұрым мен үшін тек сыртқы сұлулық емес, ол – кешегі аналарымыздан үзілмей жеткен қазақ қызының бейнесі, нәзіктігі мен тектілігін айқындайтын үнсіз сабақтастық. Эстрадаға шыққан алғашқы жылдары стилист мамандар образымды өзгертуді талай ұсынды. Бірақ мен өзімді басқа бейнеде елестете алмадым. Себебі мен үшін сахна – эксперимент алаңы емес, жан дүнием мен ішкі болмысымның көрінісі. Ал қос бұрымым – сол екі әлемді жалғап тұрған Қарақаттың табиғи болмысы», – деп жазды өнер иесі.

Войдите, чтобы оставить комментарий