Қостанайда 50 адамға қарыз беріп, 1 млрд теңге тапқан тұрғын сотталып, барлық мүлкінен айырылды
Қостанай облысында тұрғындарға заңсыз несие беріп, 1 млрд теңгеден астам пайда тапқан азамат 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, сотталушы екінші деңгейлі банктерден несие ала алмайтын, материалдық жағдайы ауыр азаматтарды OLX және Instagram желілеріндегі жарнамалар арқылы тауып, оларға мүлкін кепілге қою шартымен жылдық өсімі 120 пайызға дейін жететін үстемемен қарыз берген. Осылайша тиісті лицензиясы жоқ болса да микроқаржылық қызметпен айналысқан тұрғынның кесірінен 50-ден астам адам өздері үшін өте тиімсіз шарттармен несие қамытын киюге мәжбүр болған.
Келісімшарттар нотариус арқылы расталғанымен, құжаттарда қарыздың нақты көлемі емес, алдын ала есептелген сыйақы мен ресімдеу шығындары қосылып, негізсіз ұлғайтылған сома көрсетіліп отырған. Мәселен жәбірленушілердің бірі қолына іс жүзінде 9 млн теңге алғанымен, келісімшартта 14 млн теңге деп жазылған, ал кейіннен ешқандай қосымша қаражат берілмесе де 18 млн теңгенің жаңа шарты жасалып, ақыры сот шешімімен тұрғыннан 26 млн теңге өндіріліп алынған.
Заңсыз қызметтің арқасында тұрғынның тапқан кірісі 1 млрд теңгеден асқандықтан, сот оны тек темірторға қамаумен шектелген жоқ. Үкімге сәйкес оның қылмыстық жолмен келген қаражатқа сатып алған 4 пәтері, 2 жер учаскесі және Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500, Hyundai Santa Fe маркалы автокөліктері мемлекет кірісіне тәркіленді. Қабылданған сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар