«Салмақты мұра қалдырамыз»: Тоқаев «Халықтық құрылыс» туралы айтты

«Салмақты мұра қалдырамыз»: Тоқаев «Халықтық құрылыс» туралы айтты
Фото: Ақорда

Қазақстанда 2027 жылы мектептер, университеттер мен ауруханалар құрылысы кең көлемде қолға алынбақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастама келешек ұрпаққа салмақты мұра қалдыруға мүмкіндік береді деп есептейді, деп хабарлайды Politico.kz Ақордаға сілтемемен.

Мемлекет басшысы бұл туралы Network School жобасының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесуінде айтты.

Тоқаев жуырдағы Жолдауында жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасына арнайы тоқталды. Оның аясында елде әлеуметтік нысандарды жаппай салу жоспарланып отыр.

Президенттің айтуынша, Қазақстан жаңа технологияларды меңгерген мамандар мен көшбасшыларды даярлау үшін білімге, ғылымға және цифрлық салаға қомақты қаржы бөліп жатыр.

Кездесуде Network School жобасының Қазақстандағы жұмысы да талқыланды. Тоқаев оның еліміздің технологиялық саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Атап айтқанда, президент Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын құптады. Жоба алдағы уақытта қазақстандық университеттермен, жаңа кәсіп бастаған технологиялық компаниялармен және ірі кәсіпорындармен байланысты күшейтуді көздейді.

Өз кезегінде Баладжи Шринивасан Қазақстанда заманауи технологиялар мен экономиканың дәстүрлі салалары қатар дамып жатқанын атап өтті. Ол Network School Kazakhstan жобасының негізгі бағыттарын таныстырды. Олардың қатарында цифрлық шешімдерді дамыту, білікті мамандар даярлау және жаңа технологияларды енгізуге жағдай жасау бар.

Сондай-ақ Тоқаев Astana AI Film фестиваліне қаржылай қолдау көрсеткені үшін Шринивасанға алғыс айтты.

Кездесу барысында президент Баладжи Шринивасанды Қазақстанда жасанды интеллект пен инновацияны дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін халыққа Жолдауында 2027 жылды жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялаған болатын.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу