Қосымша біліммен қамту 90% жетті, бірақ ауыл баласының таңдауы шектеулі – депутат

10.09.2026 14:53 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қосымша біліммен қамту 90% жетті, бірақ ауыл баласының таңдауы шектеулі – депутат
108
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Қазақстанда балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі 90% жеткенімен, ауыл мен қала оқушыларының мүмкіндігі әлі де тең емес. Бұл мәселені Құрылтай отырысында «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Шахмардан Байманов көтеріп, Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде балалардың қосымша білімге қолжетімділігін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. «Ауыл» партиясы да сайлауалды бағдарламасындағы тең мүмкіндік қағидатына сәйкес ауыл балаларының қосымша білім алуына жағдай жасау мәселесін көтерген.

Оқу ағарту министрлігінің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында балаларды қосымша біліммен қамту деңгейі 90% жетіп, 3,5 млн баланы құрады. Оның ішінде 2,2 млн бала тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады. Қосымша білім беру ұйымдарының саны 2 мыңнан асқан.

Байманов бұл көрсеткіштерге қарамастан, ауыл мен қала балаларының мүмкіндіктері арасында айырмашылық сақталып отырғанын айтты.

Қазір елімізде 4,1 млн астам оқушы білім алады. Алайда ауыл мен қаладағы балалардың спорт, өнер, музыка, робототехника және IT бағыттары бойынша қосымша білім алу мүмкіндіктері бірдей емес.

«Мәселе тек үйірменің бар жоғында емес. Мәселе – таңдау мүмкіндігінде», – деді Шахмардан Байманов.

Оның сөзінше, қаладағы балалардың таңдау мүмкіндігі көп. Ал шағын және шалғай ауылдарда қосымша білім беру көбіне санаулы үйірмемен шектеледі.

Соңғы 3 жылда ауылдық жерлерде 1251 комьюнити орталық ашылған. Депутат бұл бастаманы қолдайтынын айтып, ендігі міндет әрбір ауыл баласына нақты таңдау мүмкіндігін беру екенін атап өтті.

«Баланың мүмкіндігі оның мекенжайына байланысты болмауы тиіс. Сонымен бірге қолданыстағы тетіктердің жергілікті жерде тиімді әрі сапалы орындалуы маңызды», – деді депутат.

Осыған байланысты «Ауыл» партиясының фракциясы министрлікке 4 бағыт бойынша ұсыныс жасады.

Бірінші ұсыныс ауыл мен қаладағы қосымша білімнің қолжетімділігін бөлек бағалауға қатысты. Фракция үйірмелер мен бағыттардың нақты санын, мемлекеттік бағдарламалар мен тапсырыстардың орындалу сапасын тұрақты бақылап, ата аналар мен балалардың кері байланысын ескеруді ұсынады.

Екінші ұсыныс мемлекеттік тапсырысты орындаушыларды іріктеу мен бағалау жүйесіне байланысты. Депутат бұл үдерістің ашықтығын арттырып, орындаушылардың жауапкершілігін күшейту қажет деп есептейді.

Үшінші ұсыныс – «Бір ауыл – бірнеше мүмкіндік» қағидатын енгізу. Оның аясында мектептерді, мәдениет үйлерін, кітапханалар мен спорт нысандарын кеңінен пайдалану ұсынылды. Шағын және шалғай ауылдар үшін мобильді қосымша білім беру жүйесін дамыту да қарастырылуы тиіс.

Төртінші ұсыныс ауылда жұмыс істейтін қосымша білім педагогтері мен мамандарын ынталандыруға бағытталған. Фракция олар үшін арнайы ынталандыру тетігін енгізуді, ал ауылдық және шалғай елді мекендерге аумақтық түзету коэффициентін қолдануды ұсынады.

Бұл ретте елді мекеннің шалғайлығы, бала саны, мамандарды тарту мүмкіндігі және көлік логистикасына кететін шығындар ескерілуі керек.

Байманов қосымша білім баланың қабілетін ашып, болашағын таңдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Ауыл баласының таланты ауылда қалып қоймауы керек. Қала мен ауыл баласына мүмкіндік тең болуы тиіс. Бұл – ауылдың болашағына салынған инвестиция», – деді ол.

Фракция Оқу ағарту министрлігінен ауылдық жерлердегі қосымша білімнің қолжетімділігі мен сапасын одан әрі арттыруды сұрады. Сонымен қатар ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайту, мемлекеттік тапсырыстың орындалуын бақылауды және орындаушылардың жауапкершілігін күшейту бойынша қосымша шаралар қарастыру ұсынылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий