«Қазақмыстың» 103 қызметкері Ұлытау университетінде білім ала бастады

10.09.2026 15:17 Қарақат АСЫЛОВА
«Қазақмыстың» 103 қызметкері Ұлытау университетінде білім ала бастады
135
Фото: KAZAKHMYS

«Қазақмыс» корпорациясы мен оның еншілес компанияларында жұмыс істейтін 103 қызметкер Ұлытау университетінде білім ала бастады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Қазақмыс» корпорациясының хабарлауынша, 9 қыркүйекте Геологиялық кластер аумағында 2026 жылы «Ұлытау университеті» КЕАҚ-ға оқуға түскен қызметкерлер үшін жаңа оқу жылының ашылу рәсімі өтті.

Іс шара барысында қатысушылар университеттің білім беру моделімен, оқу үдерісін ұйымдастыру тәртібімен және білім беру инфрақұрылымымен танысты.

Университеттің алғашқы студенттер легіне барлығы 163 адам қабылданған. Оның 103-і «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындарында жұмыс істейді.

Корпорация мәліметінше, 52 қызметкер екінші жоғары білім алу үшін бакалавриат бағдарламасына түскен. Тағы 51 студент – «Қазақмыс» корпорациясының Технологиялық колледжінің түлектері.

Олар үшін бұрын алған білімі мен өндірістегі практикалық тәжірибесі ескерілетін қысқартылған білім беру траекториясы қарастырылған.

Оқу үдерісінің негізгі ерекшеліктерінің бірі – дуальды оқыту элементтері енгізілген тәжірибеге бағытталған тәсіл. Теориялық білім өндірістік нысандардағы практикамен қатар жүреді.

«Қазақмыс» корпорациясының хабарлауынша, мұндай модель студенттерге нақты өндірістік міндеттермен жұмыс істеуге және алған білімін кәсіпорында бірден қолдануға мүмкіндік береді.

Жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін оқу форматы кәсіби қызметін жоғары білім алумен қатар алып жүруге жағдай жасайды. Білім беру траекториясы жасалған кезде олардың өндірістік тәжірибесі мен бұрын меңгерген пәндері де есепке алынады.

«Ұлытау университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Айдос Сәкенов «Қазақмыспен» ынтымақтастық тау кен металлургия саласының сұранысына сай инженерлік техникалық мамандар даярлауға негіз болатынын айтты.

«Біздің мақсатымыз тек диплом беру ғана емес, сонымен қатар тау-кен өнеркәсібін түсінетін, өндірістік мәселелерді шеше алатын, заманауи технологияларды жетік меңгерген және болашақта корпорацияның инженерлік және басқарушылық әлеуетін нығайта алатын мамандарды даярлау. Сіздер осы модельдің алғашқы қатысушыларының қатарындасыздар», – деді Айдос Сәкенов.

Корпорация мәліметінше, Ұлытау университетімен серіктестік кадрлық әлеуетті дамытуға, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және кәсіби кадр резервін қалыптастыруға бағытталған.

Алдағы уақытта практикалық даярлықты кеңейту, кәсіпорын мамандарын білім беру үдерісіне тарту және оқу барысында нақты өндірістік кейстерді пайдалану жоспарланып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий