«Тазалық айыппұлдан емес, балабақшадан басталуы керек» – депутат жаңа тәрбие тәсілін ұсынды

10.09.2026 15:41 Қарақат АСЫЛОВА
«Тазалық айыппұлдан емес, балабақшадан басталуы керек» – депутат жаңа тәрбие тәсілін ұсынды
124
Фото: instagram.com/kassymbayevmeirkhat

Қазақстанда «Таза Қазақстан» бастамасының құндылықтарын балабақша мен мектептегі күнделікті тәрбие үдерісіне енгізу ұсынылды. Бұл мәселені Құрылтай отырысында Respublica партиясы фракциясының мүшесі Мейірхат Қасымбаев көтеріп, Премьер министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының бір реттік экологиялық акция емес, жаңа қоғамдық мәдениет екенін бірнеше рет атап өткен.

Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» тек қоршаған ортаның тазалығымен шектелмеуі керек. Ол ниет пен іс әрекеттің тазалығын, әділдікті, адамдарға, өзгенің еңбегіне, қоғамдық мүлікке және елге деген құрметті қамтиды.

Сондықтан бастама қалалар мен ауылдардың сыртқы келбетін ғана емес, адамның мәдениеті мен ойлау жүйесін де өзгертуге бағытталуы тиіс.

«Біз айналамызды тазалауды үйрендік, енді тазалықты күнделікті мәдениетке айналдыруымыз керек», – деді Мейірхат Қасымбаев.

Осыған байланысты депутат Мемлекет басшысы ұсынған қағидаттарды бала кезден қалыптастыру қажет деп есептейді.

Оның айтуынша, мінез құлық мәдениеті адамға алғашқы айыппұл салынған кезде емес, одан әлдеқайда ерте қалыптасуы керек. Бұл тәрбие отбасынан басталып, балабақша мен бастауыш сыныпта жалғасуға тиіс.

Бала ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп қана қоймай, адамдарға құрмет, әділдік, жауапкершілік, өзгенің еңбегіне және өз еліне ұқыпты қарауды ішкі қағидатына айналдыруы қажет.

Осы мақсатта Respublica партиясының фракциясы Үкіметке 2 ұсыныс жолдады.

Бірінші ұсыныс – аталған қағидаттарды балабақшалар мен мектептердің күнделікті тәрбие жұмысына енгізу.

Депутаттың пікірінше, мұндай құндылықтар жекелеген акциялар немесе сынып сағаттары арқылы ғана қалыптаспауы керек. Олар баланың күнделікті іс әрекетінің бір бөлігіне айналуға тиіс.

Тәрбие жұмысының нәтижесін өткізілген іс шаралар мен есептердің санымен емес, балалардың нақты дағдылары, әрекеті және мінез құлық мәдениеті арқылы бағалау ұсынылды.

Екінші ұсыныс – баланың жас ерекшелігіне қарай тәрбие жұмысын кезең кезеңімен жетілдіру. Сонымен бірге Мемлекет басшысы айқындаған негізгі құндылықтарды білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізу қажет.

Атап айтқанда, балабақша мен бастауыш сыныптарда «Таза Қазақстан» қағидатын негізге алу ұсынылды.

Орта буында «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына басымдық беру керек.

Ал жоғары сыныптарда «Заң және тәртіп» пен «Адал азамат» құндылықтары негізінде балалардың заңға құрметін, азаматтық жауапкершілігін, елге, қоғамға және айналасына жанашырлығын қалыптастыру ұсынылды.

«Біздің міндетіміз – Қазақстанды жай ғана таза ету емес. Біздің міндетіміз – тазалық, әділдік, құрмет пен жауапкершілік ішкі қағидатына айналған ұрпақ тәрбиелеу», – делінген депутаттық сауалда.

Войдите, чтобы оставить комментарий