ҚТЖ 2,9 трлн теңге қарызын жабу үшін тарифті көтереді

«Қазақстан темір жолы» 2024–2026 жылдары жүк тасымалдау тарифін жыл сайын 24 %-ға көтеру арқылы өз 2,9 трлн теңге қарызын өтеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
31 желтоқсан 2024 жылғы жағдай бойынша «ҚТЖ» АҚ-ның жалпы қарызы 2,9 трлн теңгені құрайды. «Самұрық-Қазына» қорының мәліметінше, бұл қаражат «Достық–Мойынты» екінші жолын салу сынды инфрақұрылымдық жобаларға және «Stadler» мен ТВЗ вагондарын, «Alstom» электровоздарын, «Wabtec» тепловоздарын алу арқылы жолаушылар вагонын жаңарту жұмыстарын қаржыландыруға жұмсалған.
Қарызды өтеу төмендегілер есебінен жүргізілмек:
- 2024–2026 жылдары жүк тасымалдау тарифін жыл сайын 24 %-ға арттыру (экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның оң шешімі қабылданды);
- транзиттік тасымалдаудан түсер табысты ұлғайту.
Транзиттік тасымалдау «ҚТЖ» үшін негізгі өсу нүктесі ретінде қарастырылып, оның көлемін жақын жылдары подвижной құрамды жаңарту, инфрақұрылымды салу және жаңғырту, терминал желісін дамыту сияқты жаңа инвестициялық жобалар арқылы арттыру жоспарланған.
Айта кетейік, осыған дейін көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы локомотивтердің тозу деңгейі 61 %-ға жеткенін, ал жүк вагондарының саны жеткілікті екенін мәлімдеген еді.
Ақпарат КазИнформ агенттігінен алынған.
Соңғы жаңалықтар




