"Құлша жұмсап, туфлиін тазалатады": Ерлан Төлеутай жазушылардың қазіргі күйі туралы айтты
Белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы, халықаралық деңгейде жоғары бағаланған «Әбіл» көркем фильмінде басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай отандық мәдениеттегі қордаланған түйткілдер мен қазақ зиялыларының, соның ішінде жазушылардың қазіргі аянышты жағдайы туралы өзекті мәселе қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.
«Қазір сегіз жүзге жуық жазушы бар дейді, соның бәрін алдарына салып қойып, қадірін қашырып, қорлап отыр. Дүние-мүлікке құныққан мына шенеуніктерден өткен бейшара халық жоқ шығар. Бұрынырақ «жазушы» десе, жұрт қол қусырып, алдынан жүгіріп шығатын. Қонаевтардың өзі жазушы қауымын төбесіне көтеріп, сый-құрмет көрсететін. Ал бұлар қазіргі жазушыларды құлша жұмсап, тіпті туфлиін тазалатып қоятын дәрежеге жеткізді. Көрдіңіз бе? Сондай бейбастықты жасап отырғандардың бұл әрекетін кеспекші, тоқтатпақшы болдым. Мен бұл жағдайды көріп, жаңағылардың атын атап, түсін түстеп дабыл қақтым. Содан кейін барып олар сескенді ме, аяқтарын тартқандай болды. Әйтеуір, қазірше тым-тырыс отыр», — деді Ерлан Төлеутай.
Сондай-ақ, ол «Қазақфильм» студиясында түсірілген құнды туындыларға ешқандай жарнама жасалмайтынын, мемлекеттік деңгейдегі насихаттың мүлдем ақсап тұрғанын ерекше атап өтті.
«Қазақфильмнің» кез келген туындысына жарнама жасалып, насихаты жүруі керек қой. Ал бұлар бар басылымдардан жарнаманы мүлдем алып тастаған. Олардың уәжі дайын: «Танаристегі» бір компанияға бергенбіз, солар жауапты» дейді. Бұл енді сыдыртпа, жауапкершіліктен қашудың амалы. Осылайша өздерін «сүттен ақ, судан таза» етіп көрсеткісі келеді. Анығында, мемлекеттің қаржысына түсірілген фильм болғандықтан, оның тағдырына мемлекет мүдделі болуы шарт қой», — деді өнертанушы.
Ары қарай Ерлан Төлеутай бұрынғыдай түскен фильмдерден актерлерге тұрақты түрде қаламақы түсіп отырмайтынын, қазір тек бір рет ақша алатындарын ашына айтты. Десе де, отандық өнерді дамытып, өзінің кәсіби деңгейін дәлелдеу үшін мұндай қиындықтарға қарамастан, барын салып еңбек ете беретінін жеткізді. Оның басты мақсаты — «авторлық киноны ешкім түсінбейді, оған көрермен бармайды» деген қасаң түсінікті біржола жоққа шығару.
«Осы фильмнен маған ешқандай қаражат түспейді. Мен мұның соңында жүгіріп жүріп, бір тиын да пайда көрмеймін. Өйткені қолымда ешқандай заңды құжат жоқ, мына сатылған билеттерден маған пәленбай пайыз тиеді деп айта алмаймын. Назарбаев заманында шығармашылық адамдары, ақын-жазушылар қаламақы алмасын деп, бәрін құртып кетті ғой. «Қазақфильмде» де солай, қаламақы жүйесінің тамырына балта шапқан. Қазір тек бір реттік ақша аласың. Ал бұрын кинода ойнап, фильмге түссең, ол туынды экраннан көрсетілген сайын саған тиісті үлесің түсіп тұратын. Кеңес Одағының өзінде сондай тамаша ережелер бар еді. Қазір мен бұдан бір тиын да алып отырған жоқпын, игілік жолында шауып жүргендердің бірімін. Бірақ менің басты принципім — осы фильм көрерменге жол тартса екен деген тілек. «Авторлық киноны ешкім түсінбейді, оған ешкім бармайды» деген қасаң мифті жоққа шығарғым келеді. Сосын, шынын айту керек, өзімді дәлелдегім келеді. Маған кезінде ешкім сенген жоқ қой. Еуропада бәйге алып жатқанда да сенбеді. Әлеуметтік желідегілер «Ей, бұл бос әурешілік, бұл өзі актер де емес қой» деп мысқылдап қарап отырды. Ендігі мақсатым — сол еңбекті халыққа көрсету. Біздің фильміміз Еуропа мен Азиядан бекерден-бекер бас жүлде алған жоқ. Түсінген адамға, режиссер халықтың ішкі жанын ұға білді. Қазақтың, мына қарапайым қойшының бойында нағыз қазақи болмыс пен жан бар. Режиссер соны өмірдегідей өте табиғи, шынайы бейнеледі. Фильмді көрген Еуропа мамандарының өзі «туындыда бір де бір жасандылық жоқ» деп баға берді. Өмірдің өзін қаз-қалпында көрсеткен соң, Еуропаның жоғары бағалағаны да содан. Менің айтқым келгені — мына Балаеваның айналасындағы басшы-қосшылар осы ажиотажды, мына болып жатқан қиындықтарды қолдан жасап отыр. Әйтпесе, бұрын былай еді ғой: кино түсіріледі, оған ешкім кедергі келтірмейді. Одан кейін «Қазақфильмнің» арнайы бөлімі арқылы кинотеатрларға жолданып, халық тамашалайтын. Кинотеатрлардан кейін теледидарға беріліп, «Хабар», «Ел арна» сияқты арналардан Наурыз, Жаңа жыл мерекелерінде халыққа көрсетілетін. Солай қалыптасқан жүйелі жолы бар еді. Ал бұлар мына туындыны не кинотеатрға, не теледидарға жеткізгісі келмейді. Тіпті, Астанада өткен тұсаукесерінде бірде-бір мемлекеттік телеарнадан камера да, фотоаппарат та, бірде-бір тілші де болған жоқ. Мемлекеттік БАҚ бұл шараны мүлдем елеусіз қалдырды. Тек мені жақсы танитын журналистер мен блогерлер ғана келді», — деп түсіндеді сөзін Ерлан Төлеутай.
Соңғы жаңалықтар