Психоаналитик алименттен қашатындар туралы: Не деген намыссыз еркектер!
Психоаналитик Анна Құдиярова отбасылық жауапкершілік, алимент төлеуден жалтару салдары және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың психологиялық себептері туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Анна Құдиярова Асмира Ермекқызымен болған сұқбатта әңгімеледі.
Маманның айтуынша, қазіргі қоғамда бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі мен жауапкершілігі төмендеп барады.
«Бізде, мысалы, қазір ұмыт қалып жатқан нәрсе — әкенің бала тәрбиесіндегі орны. Алименттен қашып жүргендер бар, ол қандай намысы жоқ еркектер?! Өзің дүниеге әкелген соң, сол бала-шағаңа... Иә, енді алименттен қашып жүрсің, сонда ол кімге керек, саған керек болмаса? Онда неге дүниеге әкелдің ол балаларды?! Сонда жауапкершілік қайда?» — деді Анна Құдиярова.
Сонымен қатар психоаналитик алимент өндіру бойынша заңнамалық механизмдердің әлі де болса толыққанды жұмыс істемей тұрғанына назар аудартты.
«Заңның қаншалықты пәрменді екенін толық білмеймін, бірақ әлі де алимент төленбей жүргенін айтатын клиенттерім бар. Соған қарағанда, заң әлі де толық жүзеге аспай жатқан сияқты. Заң қатаң болса, еркектер ешқайда қашпас еді. Алайда басқа жағдайларды да білемін. Күйеуінің өзіндік кішігірім бизнесі бар, бірақ ресми түрде ол жұмыссыз. Сондықтан бес баласына бес теңге немесе үш теңге көлемінде ақша аударып отырады. Бұл өте ұят жағдай ғой, сонда ол арам әке, арам еркек болып тұр ғой! Бес баланы дүниеге әкеліп, енді оларды нансыз қалдырып отыр», — деді психоаналитик.
Маманның пікірінше, әкенің жауапсыздығы мен қамқорлығының жоқтығы өсіп келе жатқан ұрпақтың психологиялық дамуына кері әсерін тигізеді.
«Жарайды, әйелінен қызғанатын шығар. Білесіз бе, Батыста заң бар ғой: ажырасқан еркек өле-өлгенше ажырасқан әйеліне алимент төлеп тұрады. Бірақ ол әйел басқа күйеуге шықса, алимент төлеу тоқтайды. Сондықтан біз қазір Қазақстанда әйелге алимент төле деуден аулақпыз ғой, ең болмаса өзіңнің балаң аш қалмасын. Сонда ұятсыз, надан қазақ еркектерінің қарасы көбейіп кеткен бе? Сонда қалай... Сондай еркектің тәрбиесін көрген бала ертең жақсы азамат бола ма, даналық таныта ма, әлде мейірімді еркек бола ма? Ертең ол да ұрпақ жалғастырады. Оның әкесі оған махаббат берген жоқ, «айналайын» деген сөзді айтқан жоқ, енді бұл да ертең өзінің ұлы мен қызына «айналайын» деп айта алмайтын болады», — деді маман.
Психолог, сонымен бірге, тұрмыстық жанжалдардағы әйелдің рөлі мен ер азаматтардың өз эмоциясын басқара алмауына қатысты сұраққа да жауап берді.
— Қоғамда мынадай пікір де бар: «Әйел тілінен табады, кез келген еркекті ұруға жеткізетін — әйел», — деді журналист.
«Сонда сіз не деп тұрсыз? Ол еркек — надан еркек, өз ішкі дүниесіне өзі қожайын емес екен ғой. Біреу «оңға» десе — оңға, біреу «солға» десе — солға кете бере ме? Онда ол тәуелді еркек болып тұр ғой. Сізді біреу қаншалықты жамандаса да, ішкі мәдениетіңіз бен кім екеніңізді жақсы білсеңіз, теріс қарап, басқа жаққа кете бересіз. Иә, ащы тілі бар әйелдер бар екеніне келісейін. Бірақ сонда «ащы тіл» екен деп, неге өзіңізді ұстай алмайсыз? Ішкі мәдениет қайда кетті? Сонда әйел қожайын да, ал оны ұрған еркек — құл болып тұр ғой», — деді психоаналитик.
Соңғы жаңалықтар