Еркебұлан Тоқтар: Шавкат мені екі бүктеп лақтырады
Танымал спортшы әрі актер Еркебұлан Тоқтар өзінің спорттық мансабындағы медиа-позициялаудың маңызы, жанкүйерлердің қабылдауы және ресейлік жауынгер Артем Тарасовпен болған жекпе-жектің егжей-тегжейі туралы айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Еркебұлан Тоқтар Promma подкастына берген сұқбатында әңгімеледі.
Еркебұлан Тоқтардың айтуынша, жанкүйерлер арасында оның жеңілмейтіндігі туралы бұрыс түсінік қалыптасқан. Бұл ретте ол қарсыластарының кәсіби деңгейін төмендетпеу керектігін айта кетті.
«Халық мені жеңілмейтін жауынгер деп сеніп қалғаны сондай, тіпті Тарасовты ұтатыныма кәміл сенімді болды. Негізінде ол оңай қарсылас емес, оны оңайлықпен ұта алмайсың, себебі ол жақсы дайындалған», — деді Еркебұлан Тоқтар.
Сондай-ақ спортшы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі көрермендердің кәсіби спортшылармен салыстыруларына қатысты өз пікірін білдіріп, UFC жауынгері Шавкат Рахмоновпен деңгейінің айырмашылығын ашық түрде жеткізді.
«Бұқара халық пен спорттан хабары аздау көрермендер мені «жеңілмейтін сұрапыл күш» деп қабылдайды. Сондықтан кейде маған келіп: «Бауырым, Шавкатпен жекпе-жекке шықсаңшы, оны да ұтасың!» — деп жатады. Мен ішімнен: «Ақылға сыймайды, Шавкат қайда, мен қайдамын? Ол мені екі бүктеп лақтырады ғой», — деп айтамын», — деді спортшы.
Еркебұлан Тоқтардың пайымдауынша, жекпе-жек өнерінде тек спорттық нәтиже емес, сонымен бірге көрерменнің қызығушылығын ұстап тұратын шоу жасау қабілеті де маңызды рөл атқарады.
«Әрине, бұның бәрі медиадағы дұрыс позициялауға байланысты. Мен шаршы алаңға шыққанда әрдайым барымды саламын, белсенді боламын. Жай отыра беруге болмайды, көрерменнің қызығушылығын арттырып, шоу жасау керек», — деді Еркебұлан Тоқтар.
Сонымен қатар жауынгер Артем Тарасовпен арада болған кикілжіңнің қалай өрбігенін және оның «прогрев» желісіне қалай айналғанын түсіндіріп берді.
«Мысалы, Тарасовпен сөйлескенде ол өте мәдениетті, жақсы жігіт болып шықты. Бірақ жекпе-жекті дұрыс жарнамалап, қыздыру керек болды. Соңында ол жағдай өздігінен өршіп кетті: арамызда алдын ала келісілген ештеңе болған жоқ, тек сәт түсті. Ол маған қарап бірдеңе айтып еді, халыққа да дәл осындай эмоция жетіспей тұрған еді. Мен оны итеріп қалдым, содан кейін бәрі басталып кетті», — деді спортшы.
Соңғы жаңалықтар