Құтқарушылар зейнет жасын 55-ке дейін төмендетуді талап етуде

Құтқарушылар зейнет жасын төмендетуді сұрайды
Павлодар облысындағы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Үкіметке ашық үндеу жолдап, зейнетке шығу жасын 63-тен 55-ке дейін төмендетуді талап етті. Себебі олар адам өмірін құтқарумен айналысатын аса ауыр әрі қауіпті жұмыста жүреді.
Құтқарушылардың басым бөлігі қызметін 2000 жылдардың басында бастаған. Қазір олардың жасы 50 мен 57 аралығында. Павлодар облысындағы жедел-құтқару жасағындағы мамандардың орташа жасы 47 болса, ең егдесі 61 жаста.
"Бұл жаста биікке өрмелеу, сүңгу, іссапармен өңірлерге бару, адамдарды құтқару өте қиын. Ағза оған төтеп бере алмайды. Біз жаттығамыз, дене дайындығын сақтаймыз, бірақ бәрібір 55 жаста зейнетке шығу мүмкіндігі болуы керек", — дейді құтқару бөлімінің жетекшісі Валерий Архипов.
Оның айтуынша, басқа бөлімшелерге қарағанда, жедел-құтқару қызметі аттестатталған орган болып саналмайды. Осы себепті олар зейнетке ерте шығуға мүмкіндік беретін заң нормаларына ілінбейді.
"Техникамыз, құрал-жабдықтарымыз жаңарып жатыр, бірақ зейнетке шығу мәселесі жылдар бойы шешілмей келеді", — дейді құтқарушылар.
Қазір олар Үкіметтен өз еңбектерін ескеріп, әділетті шешім қабылдауды сұрап отыр. Құтқарушылардың сөзінше, бұл саладағы жұмыс ерекше физикалық және психологиялық жүктемені талап етеді, сондықтан олардың талабы орынды.
Дереккөз: ORDA
Соңғы жаңалықтар





