«Қылмысты жасырғысы келді»: өрт сөндіру бөлімінде пышақталған азаматтың туыстары әділ тергеуді сұрайды
Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында 42 жастағы құтқарушы Тілек Ескендір пышақ жарақатынан көз жұмды. Марқұмның жақындары Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қылмысты жасыруға тырысты деп күдіктенеді, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Өрт сөндіру саласында 21 жыл еңбек еткен сержант 6 қаңтарда кезекшілік кезінде ауыр жарақат алған. Әріптестері қансыраған азаматқа жедел жәрдем шақырмай, ауруханаға қызметтік көлікпен өздері жеткізген. Марқұмның жұбайы қайғылы оқиға туралы ең соңынан естігенін айтып ашынды.
«Маған тек 7 қаңтар күні таңертең сағат 8:40-та, ота жасалғаннан кейін ғана хабарлады. Оқиға туралы неге мен ең соңынан білуім керек? Барлығы жұмбақ. Жауап алу хаттамаларынан жарақаттың дәл қай жерде болғаны түсініксіз. Өрт сөндіру бөлімінің бейнебақылау камералары неге дәл сол күні жұмыс істемеді? Менің жұбайымды ең бірінші болып кім тапты? Оны ауруханаға апаруға кім бұйрық берді?» – деді күдікке толы сұрақтарына жауап іздеген жесір әйел.
Тоғыз айға созылған істің әділ өтуін талап еткен отбасы қылмыс бөлім ішінде орын алып, суық қаруды әріптестерінің бірі салған болуы мүмкін деп санайды.
«Әділдік талап етемін! Тергеу әрекетінің әділ болғанын қалаймын. Және де барлық бұл іске қатысты тұлғалардың әділ жауап бергенін сұраймын», – дейді марқұмның жары.
Облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Қылмыстық іс денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабы бойынша сараланып, Катонқарағай аудандық сотына жолданған. Күдікті қазір қамауда отыр.
Марқұм Тілек Ескендірдің артында жұбайы, 12 жастағы ұлы мен 2 жасар қызы қалды.
Соңғы жаңалықтар