Қырғызстанда 7-сынып оқушысы қыз баланы соққыға жықты

Қырғызстанның Қарақол қаласындағы Байсарыұлы Қыдыр Аке атындағы № 2 мектепте ер бала қызды ұрып-соққан сәті түсірілген видео қоғамдық резонанс тудырды.
Әлеуметтік желіде тараған кадрларда жетінші сынып оқушысының сыныптасына жұдырық ала жүгіргені, соққыдан қорыққан қыздың сыныптан қашып шыққаны көрінеді. Кейінірек құрбылары оны еденде отырған жерінде жұбатып жатқаны байқалады.
Қарақол қалалық ішкі істер бөлімі бұл жайтты растады. Милицияға 28 қыркүйекте жәбірленуші қыздың атасы арызданған. Оның айтуынша, 24 қыркүйекте үзіліс кезінде оның 2012 жылы туған немересін сыныптасы соққыға жыққан. Қыздың дене жарақаты алғаны расталып, осы дерек бойынша тергеу басталды.
Милиция мәліметінше, баланың анасы, ұлының психикалық ауруына байланысты облыстық отбасылық медицина орталығында есепте тұрғанын айтқан.
Бұл мәселеге Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігі де түсініктеме берді. Министрліктің хабарлауынша, Қарақол қалалық білім беру бөлімі құрған комиссия 7-сынып оқушылары арасында болған түсініспеушілікті мұқият тексеріп жатыр. Қазіргі таңда оқушылармен Қ. Тыныстанов атындағы Ыстықкөл мемлекеттік университетінің психологтары жұмыс істеуде.
Соңғы жаңалықтар





