Кәрім Көкірекбаевты түрмеден босату туралы шешім жойылды

Кәрім Көкірекбаевты түрмеден босату туралы шешім жойылды
Фото: gov.kz

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты ауыр сырқатына байланысты түрмеден босату туралы сот шешімінің күші жойылды. Алматы облыстық соты оның ауруы жазадан босатуға негіз болмайтынын анықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматы облыстық сотының хабарлауынша, апелляциялық сот Алатау қаласы сотының 17 қарашадағы қаулысын тексеріп, заң талаптары өрескел бұзылғанын анықтаған.

Атап айтқанда, Көкірекбаевтың ауруының ауырлық дәрежесі Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді.

Осыған байланысты облыстық сот бұрынғы әкімді жазадан босату туралы қаулының күшін жойып, №57 мекеменің оны босату туралы ұсынысын қанағаттандырудан бас тартты.

Сот Көкірекбаевты босатуға қатысы бар прокурор, түрме қызметкері мен дәрігерлердің жауапкершілігін қарауды да талап етті.

Сот алқасы бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкілі жазадан босату қажеттігі туралы негізсіз қорытынды бергенін анықтады. Осыған байланысты Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жеке қаулы жолдады.

Сондай-ақ Көкірекбаевтың жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жеке қаулы шығарылды.

Апелляциялық соттың шешімдері заңды күшіне енді.

Еске салайық, 17 қарашада Алатау қаласының соты Кәрім Көкірекбаевты ауыр сырқатына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы шешім қабылдаған. Кейін Алматы облысының прокуратурасы шешімнің күшін жоюды сұрап, сотқа өтінішхат түсірген.

Кәрім Көкірекбаев не үшін сотталған?

69 жастағы Кәрім Көкірекбаев 2022 жылғы желтоқсанда аса ірі көлемде бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұсталған.

Тергеу дерегінше, ол «Қазселденқорғау» мекемесін басқарған кезде орынбасарымен сөз байласып, мердігер компанияның директорынан пара алған. Есесіне орындалмаған жұмыстардың құжаттарына кедергісіз қол қойып отырған.

Іс материалдарында Қорғас өзеніндегі арнаны қалыптастыру және қорғау құрылыстары, сондай-ақ Ақсай өзенінің жағалауын бекіту мен бөгеттер салу жұмыстарына байланысты Көкірекбаевтың $798 мың және 23 млн теңге пара алғаны көрсетілген. Сот мемлекетке келтірілген шығынды 1,98 млрд теңге деп анықтаған.

Көкірекбаев пен оның орынбасарына Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша «аса ірі көлемде пара алу», ал мердігерге 367 және 195-баптар бойынша «пара беру» және «жымқыру мақсатынсыз мүліктік залал келтіру» айыптары тағылған.

2024 жылғы шілдеде алқабилер Көкірекбаевты ақтаған. Алайда сол айдың соңында ақтау үкімінің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

2025 жылғы шілдеде сот Көкірекбаевты кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Оның орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер Андрей Поплавский 11 жылға сотталды.

Кәрім Көкірекбаев бұған дейін Жамбыл облысының әкімі, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметтерін атқарған. 2019 жылғы тамыздан бастап «Қазселденқорғау» мекемесін басқарған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу