Қытай компаниясы Ақтөбе облысында зауыт салмақ
Ақтөбе облысында $200 млн-ға жаңа цемент зауыты салынады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қытайдың Sinoma Cement Co. Ltd компаниясы мен қазақстандық Primus Capital серіктестігі бірлесіп, 2027 жылы Ақтөбе облысында жылына 1,3 миллион тонна цемент өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жоба құны $200 миллионнан асады, 360 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қытай компаниясының президенті Якун Ронг пен "Kazakh Invest" басшысы Ержан Елекеев зауыт құрылысының егжей-тегжейін талқылады. Жобаның артықшылықтарының бірі – Ақтөбе облысының Қазақстан мен Ресей нарықтарына қолжетімділігі.
Зауыттың құрылысы үшін қажетті лицензиялар алынған, геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, шикізат қоры мен сапасы расталды. Жоба озық технологияларды пайдалана отырып, жоғары сапа стандарттарына сай жүзеге асырылады.
Sinoma Cement – цемент өнеркәсібіне арналған активтерге инвестиция салатын қытайлық мемлекеттік корпорацияның құрамдас бөлігі. Компания Африка мен Таяу Шығыста 20-дан астам жобаны сәтті іске асырған.