Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны күрт көбейді

Қытайда коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайларының саны соңғы айда айтарлықтай артты. Бұл туралы Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) мәлімдеді.
Аталған орталық 31 наурыз бен 4 мамыр аралығындағы материктік Қытайдағы респираторлық ауруларға қатысты статистикалық деректерді жариялады. Мәліметке сәйкес, COVID-19 вирусына оң нәтиже көрсеткен науқастардың үлесі 31 наурызда басталған апталық кезеңде 7,5% болса, 27 сәуірде басталған аптада бұл көрсеткіш 16,2%-ға дейін өскен.
«Бұл айда коронавирусқа тестілеу нәтижелерінің оң көрсеткіші артты, әсіресе оңтүстік провинцияларда солтүстік өңірлермен салыстырғанда жоғары», – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, кейбір провинцияларда бұрын байқалған өсім қарқыны баяулап келе жатқаны да айтылған.
Мекеме қазіргі таңда Қытайда респираторлық инфекциялық ауруларға байланысты эпидемиологиялық ахуал «жалпы алғанда төмен деңгейде» екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұрын белгісіз қоздырғыштар немесе жаңа инфекциялық аурулар анықталмаған.
Гуанчжоу қаласындағы Сегізінші халық ауруханасының жұқпалы аурулар жөніндегі бас сарапшысы Цай Вэйпиннің айтуынша, COVID-19 індетінің мерзімді өршуі алаңдаушылық тудырмауы тиіс, алайда жоғары қауіп тобына жататын азаматтарға алдын алу шараларын ұстануға кеңес берілді.
Соңғы жаңалықтар




