Қыз Жібек фильміндегі костюм "Қазақфильм" музейіне қайтарылады

20.05.2026 16:20 Мөлдір Қайнар
Қыз Жібек фильміндегі костюм
63
Фото: видеодан скриншот

"Қыз Жібек" фильміндегі басты кейіпкердің тарихи камзолы қайтадан Қазақфильм музейіне тапсырылатын болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің айтуынша, аңызға айналған фильм костюмінің жеке коллекцияға қалай өтіп кеткені қазір арнайы тексеріліп жатыр.

«“Қыз Жібек” фильміндегі камзол — қазақ киносы үшін киелі дүние. Бұл мәселеге байланысты тексеру жүргізілуде. Біз Меруерт Өтекешовамен сөйлестік, ортақ келісімге келдік. Костюмнің толық жиынтығы жиналғаннан кейін ол “Қазақфильм” музейіне қайтарылады», – деді вице-министр.

Оның сөзінше, бұған дейін фильм реквизиттері мен тарихи костюмдер музей қорында арнайы талаптарға сай сақталған. Алайда осы жағдайдан кейін министрлік барлық кино мұрасын цифрландыру жұмысын бастаған.

Енді Қазақфильм музейіндегі костюмдер, реквизиттер мен қазақстандық фильмдерде қолданылған тарихи заттардың барлығы электронды базаға енгізіледі. Бұл олардың сақталуын бақылап, көпшілікке ашық көрсетуге мүмкіндік береді.

Министрлік өкілдері болашақта тек кино саласындағы емес, танымал театр қойылымдарында пайдаланылған құнды реквизиттерді де цифрландыруды жоспарлап отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий