"Қыз жүкті болып қалған": Қазақстанда білмей шаңырақ көтерген бір әкенің балалары өзіне қол салды

18.07.2026 00:28 Томирис САҒЫНДЫҚ
83
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Бір көргеннен сезім лаулап, шаңырақ көтерген жас жұбайлар өздерінің бір әкеден туған ағалы-қарындас екенін білгенде не болады? Бұл — кино емес, өмірде болған және соңы үлкен қасіретпен аяқталған шынайы трагедия. Бүгінгі жаһандану заманында тамырынан ажырап, тегін білуге селқос қараудың зардабы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып үлгерді. Дүниеге келер ұрпақтың дені сау болуы мен қан тазалығын сақтаудағы жеті ата институтының рөлі қаншалықты? Бүгінгі медицина мен тарих бұл туралы не дейді? Осы сұрақтарға тектанушы Әлия Нұрпаева жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы тектанушы журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.

«...Төрт-бес сондай оқиға болды. Міне, сұмдық осыдан басталады. Сол үшін де қазақ: «Жаман болсын, жақсы болсын, тірі жүрген соң руыңды біл», — деп текке айтпаған ғой. Енді мұндайда не істей аласыздар? Екі жас кезінде шындықты білген соң өз-өздеріне қол жұмсады. Ағайынды болып шықты. Балаларды уақытында бөліп алып кеткен екен. Олар арада жиырма жыл өткенде кездесіп, бір-бірін ұнатып қалады. Ештеңеден хабарсыз күйде үйленіп, тіпті қыздың аяғы ауырлайды. Содан кейін барып үйлену тойына өз әке-шешелерін шақырады. Сол себепті бұл — өте ауыр, қасіретті оқиға. Сондықтан біздің ұлтымызда текті білу мәселесі бүкіл жасушамызға сіңген. Мұның бәрі — тегімізді танудың қаншалықты маңызды екенінің дәлелі. Әрине, бұл — адамның өз-өзімен үлкен ішкі жұмыс жасауын талап ететін жағдай», — деді Әлия Нұрпаева.

Ары қарай тектанушы Әлия Нұрпаева қазіргі қоғамда мұндай трагедиялардың алдын алу және гендік қорды сақтап қалу үшін қандай қадамдар жасалуы керектігін айтты.

«Мұны рухани тұрғыдан болсын, психологиялық тұрғыдан болсын — қалай атасақ та, адам өз нәпсісін жеңе білуі керек. Біреу иманға келіп, біреу дін немесе психология арқылы бұл тығырықтан шығар жол табады. Бірақ мен өз басымнан өткен мынадай оқиғадан кейін, шынымды айтсам, қатты ауырып қалдым. Не істейсің? Қолдан келер шара жоқ, болған іс болды. Дегенмен мені бір жағынан қуантатыны — қазіргі жастар бұл мәселеге әлдеқайда сауатты әрі басқаша қарайды. (...). Мен бұл оқиғаны айтқанда, әрине, рұқсат сұрай отырып, кейіпкерлердің аты-жөнін атамаймын. Бірақ нақты мысал келтірмесең, мәселенің байбына бару қиын ғой, өйткені ғылыми тілді бәрі бірдей түсіне бермейді. Өмірде осындай ауыр жағдайлардың да болып тұратынын осы мысалдар арқылы түсіндіруге тура келеді», — деді тектанушы.

Әлия Нұрпаеваның айтуынша, жақын туыстар арасындағы неке мәселесі мен оның гендік қорға тигізер зардабы бүгінде тек біздің елді емес, бүкіл аймақты мазалап отыр. Сарапшы көршілес Орталық Азия мемлекеттері мен іргелес елдердің бұл қауіппен күресудегі нақты заңнамалық қадамдарына тоқталды.

«Жеті атаны білу не үшін керек?» деген сұрақты қазір генетиктер де терең зерттеп жатыр. Осыдан 12-13 жыл бұрын Тәжікстан жақын туыстардың некелесуіне тыйым салатын арнайы заң қабылдады. Себебі әртүрлі туа біткен диагнозы бар балаларды зерттегенде, олардың 60 пайызы дәл осындай туыстық некеден туғандар болып шыққан. Ал былтыр Әзербайжан бұл заңды толық қабылдады. Былтыр бірінші шілдеде Әзербайжан өзінің Отбасы кодексіне осындай маңызды баптарды қосты. Өзбекстан әзірге тек талқылап жатыр, бірақ ол жақта да дәрігерлер бұл мәселені белсенді көтеруде. Меніңше, қазір ол жақтың емханаларында мынадай ереже бар: жастар некеге тұрар алдында міндетті түрде арнайы тест тапсыруы керек. Өйткені әрбір мемлекетке дені сау, болашағы мықты ұрпақ керек. Сол үшін де біздің бабаларымыз өте дана халық болған. Менің ойымша, қазіргі заманның генетиктері біздің ата-бабаларымыздан артық ештеңе ашқан жоқ. Олар бәрін алдын ала түсініп, біліп отырған. Мұны бүгін медицина да, басқа ғылым салалары да толық дәлелдеп отыр», — деді Айнұр Нұрпаева.

Войдите, чтобы оставить комментарий