«Рассрочка – жаңа жау»: Жаңа жылдан бастап бөліп төлеу ережесі қатаңдатылады
Жаңа жылдан бастап елімізде тауарды бөліп төлеу нарығына қатысты қатаң тәртіп орнатылады. Үкімет осы арқылы халықтың қарызға батуын тежеуді көздеп отыр, деп хабарлайды ақпараттық-сараптамалық DALA INSIDE арнасы.
Билік өкілдерінің пайымдауынша, халықтың жаппай бөліп төлеуге әуестенуі инфляцияны қоздырып, экономикаға кері әсерін тигізуде. Бұл шешімге жақында ғана Қазақстандағы миссиясын аяқтаған Халықаралық валюта қорының ұсыныстары түрткі болған. Еліміздің экономикалық жағдайына аудит жүргізген шетелдік сарапшылар несие нарығындағы тізгінді тарту қажет деген байлам жасады.
Дереккөздің мәліметінше, қазір қаржылық билік пен халықаралық ұйымдардың ұстанымы бір арнада тоғысып отыр.
"Мемлекет бұл мәселе туралы негізі көптен бері ойланып жүрген. Өткен аптада Халықаралық валюта қоры еліміздегі арнайы миссиясын аяқтап, өзінің қорытынды ұсыныстарын берді. Халықаралық валюта қоры бізде біраз уақыт болып, еліміздің экономикалық жағдайын тексеріп, аудит жасаған болатын. Қорытынды есепте біздегі халыққа арналған кредиттік, қарыз нарығын қатаңдату туралы ұсыныстар бар. Халықаралық сарапшылар мен біздің қаржы билігінің ойлары бір жерден шыққандықтан, енді ештеңеге қарамай халыққа берілетін қарыз нарығын толық қысуға саяси шешім қабылданып отыр", – дейді инсайдер.
Айта кетейік, шектеу шараларының алғашқы легі биыл қазан айында басталып кеткен болатын. Сауда және интеграция министрлігінің жаңа талабы бойынша, егер кәсіпкер тауарды өз қаражаты есебінен бөліп төлеуге ұсынса, баға белгісінде екі түрлі құн көрсетілуі шарт: тауардың нақты бағасы және бөліп төлеу кезіндегі бағасы. Бұл тұтынушыға бөліп төлеудің ақысы қаншаға шығатынын анық көрсету үшін жасалған қадам. Әзірге бұл ереже банктермен жұмыс істейтін маркетплейстерге жүрмейді, себебі оларда процесс несие шарты негізінде реттеледі.
Дегенмен, үкімет мұнымен шектелмек емес. Ендігі кезекте сатушылардың өздері ұсынатын бөліп төлеу қызметі толығымен несиеге теңестіріледі. Яғни, дүкендер тауарды қарызға бергені жөніндегі ақпаратты міндетті түрде Кредиттік бюроға жолдауы тиіс болады. Бұл дегеніміз – бөліп төлеу рәсімдеген азаматтың деректері несие тарихына енгізіліп, оның келесі жолы жаңа несие алу мүмкіндігі қиындайды деген сөз.
Болжам бойынша, 2026 жылға қарай елдегі несие мен бөліп төлеу көлемі айтарлықтай азаюы тиіс. Билік осы арқылы импорттық тауарлардың сатылымын төмендетіп, ұлттық валюта – теңге бағамына демеу болуды және инфляцияны ауыздықтауды жоспарлап отыр.
Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда 5 миллионға жуық отандасымыздың басында бөліп төлеу қарызы бар. Несие нарығының қызып тұрғаны сонша, 574 мың адамның қарыз төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен. Бұған дейін дүкендердің ішкі есебімен берілетін тауарлар несиелік досьеге ілінбегендіктен, олардың қаншасы проблемалық қарыз екені беймәлім болып келді. Жаңа реформа осы көлеңкелі тұсты жарыққа шығарып, нарықты толық ретке келтірмек.
Соңғы жаңалықтар